Оңтүстікке Арқадан киік ауып келді

391
Ақбөкендер

Оңтүстікке жоғалып кету қаупі бар мыңдаған ақбөкен ауып келді. Табиғат сақшыларының айтуынша, күнгейде 15 жылдан бері кездеспеген киіктер өңірге қыстау үшін бұрылған. Қазір топталып жүрген ақбөкендерді сұғанақ көзден қорғау үшін сақтық шаралары да күшейтіліп отыр.

Ақбөкендер

Адам тұрмақ, шөптің сыбдырына шаба жөнелетін ширақ жануарлар Оңтүстік жазығын жатсынбады. Мұнысы даланың кеңдігінен ғана емес, киіктердің қауіпті алыстан-ақ байқайтын қасиетін көрсетке керек. Арқадан мыңдап ауып келген бөкен алдымен күнгейдің шүйгін шөбіне тояттанып, қомданып жатыр.

Бахыт Мұсалиев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі: «Бұған дейін де біздің өңірге 100 басқа жуық жануар келгені анықталған болатын. Бұрындары 150 басқа дейін жетіп қалатын. Бірақ, өте аз көлемде келетін. Мұндай ұзақ уақыт тұрақтап жүргендері байқалмайтын еді. Құмның арғы бетіне жүретін, бергі жаққа келгенін көрмейтінбіз. Биылғы көріністен біз байқап отырмыз — бөкеннің саны 5000-ға жуық. Елдімекендерге де өте жақын келген. Жай-күйі өте жақсы. Қазір қорғап-күзетіп жүрміз.»

Дәл осыншама ақбөкендер тобы Оңтүстікте осыдан 20 жыл бұрын болған. Тіпті оның саны 1 миллионға жетіпті. Бірақ, сұғанақ көз айласын асырды, қыр жануарын атып, олжаға кенелгендер көп. Ал қалған киіктер 2015 жылы Арқада жүз мыңдап қырылып қалды.

Орманшылар

Енді ауып келген киіктерді кеселден қорғау үшін қорықшылар қауіпсіздік шарасын қатаңдатты. Топ жануарды соңынан аңдып қана емес, жазықта түнеп күзетуге кіріскен. Бұл әрекеттер дала еркесінің күнгейде көбейетінінен хабар берсе керек. Қазіргі уақытта табиғат жанашырлары оның жаңа жолын тапқан.

Бақытжан Қырықбай, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары: «Ақбөкендердің саны азайып бара жатқанына байланысты жергілікті Созақ орман қорғау мекемесі ақбөкен жануарын қолдан көбейту мәселесін ұсынып отыр. Осындай жаңа идея бар. Біз оны ғылыми тұрғыдан қарап, барлығы іске асатын жоба болса, республикалық басшыларға ұсынсақ деп отырмыз.»

Әзірге күнгейдегі ашатұяқты жануарлардың жайылымы осында. Табиғат сақшыларының сөзіне сенсек, ақбөкендер күн жылынысымен Арқа төсіне қарай бет түзеуі мүмкін. Дегенмен киіктер қуғын көрмесе, келесі жылы қыстауына қайтатыны сөзсіз.

Дереккөз: 24.kz