Оңтүстік Қазақстан облысында танымал «Доширак» тауар белгісінің өнімдері шығарылады. Мұндай келісімге облысы әкімі Б.Атамқұлов пен кәрістің Ресейдегі «Доширак Коя» компанияның бас директоры К.Енчол екі жақты кездесу кезінде қол қойды.
Шетелдік қонақ өңірдің жоғары инвестициялық тартымдылығы мен тамақ өнеркәсібін дамуына тигізетін табиғи-климаттық ерекшеліктерін атап өтті. Кәсіпкерлер кепкен жасыл көкөніс, түрлі дәмдеуіштер мен тез пісірілетін құрғақ кеспе өндірісіне инвестиция салуға дайын екендерін айтты, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Бейбіт Атамқұлов облыс аумағында «Доширак Коя» компаниясының бастамасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, жасыл көкөніс пен кеспеден бөлек йогурт шығаратын зауыт ісін ұйымдастыруды ұсынды.
Кездесуден соң Енчол мырза тамақ өнеркәсібіне бағытталған Түлкібас ауданындағы индустриялық аймақпен және Сарыағаш ауданындағы ауыл шаруашылығы алқаптарымен танысты.
Атап өтетін жәйт, бұл — соңғы 2 жылдағы кәрістердің қатысуымен басталатын үшінші жоба. 2015 жылдың соңында облыс аумағында «Рахат-Шымкент» («Lotte Group1 компаниясымен бірлесіп) кондитер фабрикасы кеңейтілді және жаңартылды. Сондай-ақ, қолғап шығаратын фабрика («Hansol» компаниясымен бірлесіп) іске қосылды.