Оңтүстік мемлекеттік-жекеменшік балабақша бойынша көш бастады

650
Балабақша

Оңтүстік Қазақстан облысы балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында кеңейту жұмыстары бойынша республикада көш бастады. Бұл бағыт аясындағы тапсырманы елімізде алғаш болып қолға алған өңірімізде бүгінгі таңда 703 балабақшада 70,1 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

БалабақшаОблыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2014 жылы өңіріміздегі осындай бағыттағы 606 ұйымда 62,4 мың бала тәрбиеленіп келген. Осылайша соңғы бір жылда мемлекеттік-жекеменшік аясындағы мекемеге келген бала саны 8 мыңға артып отыр.

Мектепке дейінгі мұндай мекеменің артықшылығы сол, әр балаға ай сайын мемлекеттік тапсырыс аясында 18375 теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл балабақшаға әр бала үшін ата-аналардан төленетін ақының мемлекеттік балабақшадағыдай 8 мың теңгенің айналасында болуына мүмкіндік береді.

Өткен 2015 жылы облыста мектепке дейінгі 108 ұйым ашылып, өңірдегі балабақшаның саны 1524-ке жетті. Қазіргі таңда, онда 3 пен 6 жас аралығындағы 164,7 мың бүлдіршін тәрбиеленуде. Нәтижесінде былтырдың қорытындысымен мектепке дейінгі ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 80,5 пайызды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан.

Айта кетейік, облыстағы 1524 мектепке дейінгі мекеменің 985-і балабақша болса, 539-ы — мектеп жанынан құрылған шағын орталық. Ал 985 балабақшаның 254-і мемлекеттік балабақша ретінде қызмет етсе, 703-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп келеді. Қалған 28 балабақша жекеменшік ұйым ретінде бала тәрбиелейді.