Оңтүстік Қазақстан облысында айы-күні келген ана полиция көлігінде босанды. Оқиға Отырар ауданындағы Қоғам ауылында түн ішінде болған. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері Нұрлыбай Тасыбаев пен іс-тәжірибеден өтіп жүрген тәртіп сақшысы Жасұлан Пірімжанов 24 жастағы келіншекке босануға көмектесті.
Инспекторлар кезекшілікте жүрген кезде жолдың шетінде тұрған Мерседес көлігін байқайды. Бұл уақытта сағат таңғы 4-тер болатын. Жақындап келген полицейлер ішінде жүкті әйелдің отырғанын көрген. Оны күйеуі ауруханаға жеткізбек болған екен, бірақ, көлігі бұзылып қалыпты.
Тәртіп сақшылары көп ойланбастан әйелді көлікке отырғызып, аудандық ауруханаға ала жөнеледі. Жолда жас келіншекті толғақ қысып, босануы уақыты келеді. Сол кезде полиция капитаны Нұрлыбай Тасыбаев жүкті азаматшаға көмектесіп, босандырып алады.
Жас ана дүниеге қыз алып келді. Полиция қызметкері шақалақты күртесіне орап, көлікпен ауруханаға жеткізген. Ондағы дәрігерлер нәресте мен оның анасының жағдайы жақсы деп отыр.
Қазір ата-анасы сәбиге Раяна деп ат қойған. Өздеріне қысылтаяңда көмек көрсеткен тәртіп сақшылары Нұрлыбай Тасыбаев пен Жасұлан Пірімжановқа дән риза.