Оңтүстік Қазақстан облысында медицина саласына маманданған 2 өндіріс орны жұмыс істеп келеді. Өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов таяуда сол екі өндіріс орнында болды.
Олардың бірі — республиканың фармацевтика саласындағы ірі кәсіпорын саналатын және отандық мемлекеттік сатып алу нарығындағы үлесі 45% құрайтын «Химфарм» АҚ. Компания «Polpharma» компаниялар тобының құрамында және қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар арасында алғаш болып залалсыздандырылған өндіріске GMP-стандарттарының сертификатын алды.
Қазіргі таңда зауыт капсула, таблетка, инъекциялық ерітінді, сироп, суппозиторий, май, мазь, гель, линимент, су және спирттік ертінділер түріндегі дәрі-дәрмектің 12 фармакологиялық топтағы 200 атауын шығаруда.
Екінші кәсіпорын — «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясы. Медициналық техника шығару және денсаулық сақтау мекемелерін жедел жәрдем машиналарын жабдықтаумен айналысады.
Бұл компания диагностикалық медициналық құрылғыларының ірі өндірушісі «Shimadzu Corporation» компаниясымен бірлесіп, рентген-диагностикалық аппараттар өндірісін бастауға дайындалуда. Бірлескен жоба аясында барлық кезеңдердің технологиялары қарастырылып, компанияның қызметкерлері тікелей «Shimadzu Corporation» зауытында оқытылуда. Жоспарда бірнеше рентген-аппараттарын: жылжымалы рентгендік кешен, палаталық ретнген-аппарат, телебасқарушы рентгендиагностикалық кешен және рентгенграфикалық жүйелерін өндіру бар.
2015 жылы «KAZMEDPRIBOR Holding» пен «Gesan Production Srl» CHEM-200 автоматты биохимиялық анализатор мен лабораториялық құрылғыларды өндіретін зауыт құру бойынша келісім-шартқа қол қойды. Жобаның мақсаты Қазақстанның және көршілес мемлекеттердің емдеу-профилактикалық диагностикалық мекемелерін халықаралық GMP EU стандарттарына сәйкес әзірленген сапалы және қолжетімді диагностикалық құрылғылармен, сондай-ақ, медициналық реагенттермен жабдықтау болып табылады.
Қос өндіріс орнының жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы компаниялардың жұмысына оң бағасын беріп, аталған кәсіпорындарында өндірілетін дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғыларды өндірудің қуаттылық көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы отандық өнімді көптеп шығару арқылы болашақта импорттық тауарлардан бас тартып, отандық өнімнің үлесін артыруға болатынын айтты.