Оңтүстіктегі біріктірілгеніне бір жылдан енді асқан басқармаларды қайта құру, бөлу мәселесі облыс мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясында сынға ұшырады. Ал аудан-ауылдардағы 48 апатты және 25 үш ауысымда дәріс беретін мектептердің мәселесі 2017 жылға дейін толық шешілетін болды. Бұл — облыстық мәслихат комиссиясы отырысында талқыланған мәселелер.
Мәслихаттың бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясында облысты басқару сызбасына қатысты пікірлер көп айтылды. Депутаттардың бірі бұл қателік десе, бірі өзге басқармаларды сала бойынша бөлуді қолдай кетті.
Пікірталас ұзаққа созылған жоқ. Әкімдік ұсынған облысты басқару сызбасы бірауыздан мақұлданып, сессияға бекітуге жіберілді. Ал 2020 жылдарға дейінгі даму бағдарламасында апатты мектептердің мәселесі шешуге қадам жасалғаны халық қалаулыларының көңілінен шықты.
Комиссияда қызу талқыланған өзекті мәселелердің бірі шаруа қожалықтарына субсидия үлестіру жәйі болды. Депутаттар қаржыны таныс-тамырға бөлуді қойып, нағыз шаруаларға беруді талап етті.
Келесбек Жартыбаев: «Алма өспейтін Созақ, Мақтааралға миллиондап субсидия бергенді қойсаңдаршы. Климаты келетін Түлкібас, Төле бидегі шаруаларға неге бермеске? Облыста 22 миллард теңге субсидия дейсіңдер…»
Республикадан бөлінген қомақты қаржының қай салаға нақты бөлінетіні енді 15 қаңтарда өтетін облыс мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында белгілі болады.
Шынар Оразова