Шымкентте жер сілкінісі салдарының алдын алу мақсатында әкімшілік іскерлік орталығынан жаңадан бой көтерген ғимараттардың сапасына сынақ жүргізілді. Олардың сейсмологиялық төзімділігін мамандар арнайы тексеріп көрді.
Сейсмикалық жаттығуға 700-ге жуық адам қатысты. Олар алғашқы қауіп дабылы қағылған соң 16 қабатты ғимараттан белгіленген уақыт аралығында шығып, қауіпсіз жерді анықтай білуі шарт. Мамандардың сөзінше, бүгінде барлық жаңа нысандарға тиісінше қауіпсіздік шаралары қарастырылған.
Бұл — облыстық әкімшілік орталығының ғимаратында өткізіліп жатқан алғашқы сейсмо-жаттығу. Мұнда бірқатар басқармалар мен әкімдік өкілдері жұмыс істейді. Жаттығу кезінде шекпенді шенеуніктердің біразы жайбарақаттық танытты. Сірә, бұл тек сынақ кезін ұғынғаннан болар. Ал расымен де табиғи апат кезінде шапшаңдығының дәрежесін шын мәнінде байқаймыз. Дегенмен, осыған қарамастан, төтеншеліктер талаптың бәрі түгелімен орындалды деп түйді.
Осылайша қаладағы ең биік ғимаратқа жасалған сынақ сәтті аяқталды. Мемлекеттік қызметтің жүгін арқалаған мамандар төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттермен бірсыпыра танысты. Мұндай қауіпсіздік шарасы алдағу уақытта қаладағы барлық нысандарда өткізілмек.
Дана Тұрғынова