Ордабасы ауданында мал ұрлығы тыйылмай тұр. Тұрғындардың арызы да толастамаған. Айтуларынша, жайылымда жүрген мал жоғалатын көрінеді. Жыл басталмай жатып мұнда тағы да ұрлық тіркелген. Бұл жолы ұрылар ордабасылық азаматтың екі сиырын қолды етіпті.
Ордабасылық 54 жастағы жергілікті тұрғын екі сиырынан айрылып, 200 мың теңгеге шығынға батқан. Түскен шағым негізінде шұғыл іздестіру жұмыстары жүргізіліп, көп ұзамай малды ұрлағандар қолға түсті.
Ұрылар алыстан келмепті. Ауылдықтардың малын ұрлап, түн ұйқысынан айырған күдіктілердің барлығы жергілікті тұрғындар болып шыққан. Араларында бұған дейін сотты болғандар да бар. Олар жайылымда жүрген малды шетке айдап әкетіп, көлікке артып алады екен. Одан кейін сойып, етін облыс орталығындағы базарларға өткізіп отырған.
Тергеу барысында барымташылардың 10 қылмысқа қатысы бары анықталыпты. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі миллион теңгеден асып кетеді. Күдіктілердің автокөлігі айғақтық зат ретінде тәркіленген. Олар қазіргі таңда қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ернар Балабеков