Полиция мен қорғаныс қызметкері парамен ұсталды

391
Параға берілген ақшаны тәркілеу сәті

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің шақыру қызметінің бастығы парамен ұсталды. Ол Т. есімді жергілікті тұрғынды әскери борышын өтеуге жібермей-ақ әскери билет дайындауға уәде берген.

Параға берілген ақшаны тәркілеу сәті

Шақыру қызметінің бастығын осы уәдесі үшін 35 000 теңге пара алу кезінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департамент қызметкерлері ұстады.

Бұл — парамен ұсталған жалғыз азамат емес. Дәл осынша 35 мың теңгемен Шымкенттегі Қаратау полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қолға түсті. Тәртіп сақшысы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған О. деген азамат тұрғылықты жерінде болмады деп акт түзбеу үшін, сондай-ақ, материалдарды сотқа жолдамау мақсатында пара алды деген күдікпен ұсталды.

Қазіргі таңда аталған деректер бойынша қылмысты кодекстің 366-бабы 1-бөлігіне сәйкес (пара алу) іс қозғалып, күдіктілер сотқа дейінгі тергеп-тексерілуде. Олар ешқайда кетпеу туралы кепіл хатпен босатылған.