Мәскеудің ең ірі «Фуд сити» көтерме-бөлшек сауда азық-түлік орталығында «Оңтүстік Қазақстан» сауда-көрме залы ашылды. Жобаны Ресейдегі Қазақстан елшілігінің және сауда өкілдігінің қолдауымен «KazFood» брендімен «Призма групп» компаниясы ұйымдастырып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің ресми сайты жазады.
Сауда-көрме залының салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Гүлжан Бодықова, «Фуд сити» агрокластерінің бас директоры Омар Абрамов, ресейлік бизнес және қазақстандық кәсіпорын өкілдері қатысты.
С.Тұяқбаев мырза Мәскеудің ірі сауда орталығында Оңтүстік Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрме орталығының ашылуы қазақстандық және ресейлік тараптың ұзақ уақыттан бері жүргізген жұмысының нәтижесі екендігін атап өтті.
— Павильонды ашудағы мақсат — жергілікті тұтынушыға қазақстандық өндірушілердің өнімдерін таныстыру, — дейді облыс әкімінің орынбасары. — Ресей астанасының барлық ірі сауда желілері мен мейрамхана бизнесі тауарларын осы орталықтан сатып алады. Осылайша, біздің отандық өндірушілерге Мәскеу нарығына жол ашылды.
Алдағы уақытта жеміс-жидек, ет-сүт өнімдерін, тоқыма бұйымдарын Мәскеу нарығына жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Мәскеуде қазақстандық өнімдер сататын шағын дүкендер желісін ашу да көзделіп отыр.
Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Г.Бодықова да өз сөзінде аталған жобаның болашағы зор екендігін атап өтіп, оның қазақстандық дайын өнімді экспортқа ілгерілетуге өз септігін тигізетінін айтты. Жауапты мамандар жыл бойы Мәскеуде, Мәскеу облысында және Ресейдің басқа да өңірлерінде тағы да 12-14 дүкен мен сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.
«Оңтүстік Қазақстан» павильонында әзірше қазақстандық өнімнің 24 түрі ғана қойылған. Дегенмен таяу аралықта жобаға қатысушылар тауар түрлерін жүзге жеткізуді жоспарлап отыр.