Сарыарықта жер дауы шықты

594
Сарыарық ауылы

Сайрам ауданындағы Сарыарық елдімекенінің тұрғындары өндірістік кооперативке өткізген жер үлестерін кері қайтара алмай отырмыз деп шағымданды. Айтуларынша, ауыл тұрғындары мүшелікке өткен ұжымның басшысы билікпен бірлесіп, өздеріне тиесілі жайылымнан бөлек, 251 гектар жер телімін мемлекет есебіне рәсімдепті. Сөйтіп заңсыз сатылымға қойған.

Сарыарық ауылы

Сайрам ауданы Сарыарық ауылының тұрғыны Қошқарбек Дүйсенбаев бүкіл ауыл өндірістік кооперативке біріккен уақытта басқалар секілді өзінің 16,3 гектар жерімен мүшелікке кірген. Ұжым төрағасы әрі жергілікті кәсіпкер Айтжан Одаманов оларға «бірдей пайдадан үлес болады» деп уәде етіпті.

Сарыарық ауылының тұрғындары
Сарыарық ауылының тұрғындары

Бірі бидай, енді бірі пияз егіп, нәпақа тапқан жұрт сол жерінен айрылып қалғандарын өздері де білмей қалған. Төраға жерді билікке беріп жіберсе, мемлекет оны сатуға қойды деп қынжылады тұрғындар.

Қошқарбек Дүйсенбаев, Сайрам ауданы, Сарыарық ауылының тұрғыны: «Жерді қойып жатыр ғой. Біз, әрине, оған қарсымыз. Мысалы, барлығы сол жеріне қарап отыр. Ауылдың жағдайын көріп те тұрсыздар ғой? Сол, өркендеп бара жатқан ауыл емес. Нашар барлығы.»

Ал ұжымда 11,4 гектар үлесі бар басқа тұрғын биліктің әдейі мемлекеттік акт бермегенін айтады. Әкім жер комитетіне, сосын прокуратураға, ал құзырлылар әкімге сілтеп, үш бұрышта басымыз айналды дейді.

Кенжебек Әбденов, Сайрам ауданы, Сарыарық ауылы тұрғыны: «Олардың пәлен техникасы бар. Олар байлар, былайша айтқанда. Ал біз, халық, қалайын деп тұрмыз. Әрине, заңсыз ол. Олар біздің мемлекеттік акті ала алмай отырғанымызды да біледі. Біз алдыңғы жылы, былтыр жүгірдік.»

Ал «Нұрсұлтан» өндірістік кооперативінің төрағасы Айтжан Одаманов жер он жылдай пайдаланылмай жатты, сондықтан билікке өткіздім дейді. Сан мәрте хабардар етсем де, мемлекеттік акт алуға құлықсыз болған халықтың өзі кінәлі дегенді айтады.

Айтжан Одаманов, «Нұрсұлтан» ӨК төрағасы: «Міне, жерлерің тұр. Ешкім әкеткен жоқ. Ешкім сатқан жоқ. Бір нәрсесіне тиіскен емеспін. Мен «Өкіметке өтіп кетеді» деп айттым. Кейін маған айтып жүрмеңдер дедім. Сөйтсем, болды. Өзіміз рәсімдеп аламыз деген. Сатамыз деді халық.»

Билік кадастр берген анықтамаға сай аталмыш жер мемлекет меншігінде екенін айтады. Оған ауылдың азаматтары бұған дейін ешқандай құжат алмаған деп отыр. Сондықтан, сатылымға қойылуы да заңды дейді.

Жантөре Әлібек, Сайрам аудандық жер комитеті басшысының міндетін атқарушы: «Ол кісілердің енді айтуы бойынша, кезінде бір азаматтарға үлесімізді бергенбіз дейді. Ол осы күнге дейін пайдаланып келген. Біз соған мүшеміз деп, өз беттерінше солай ойлап келген. Құжаттарды рәсімдеу барысында, анықтау барысында мемлекеттік жер екенін анықтадық. Заңға сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жерлер конкурс, аукцион арқылы беріледі.»

Екі жылдай жүгіріп, мемлекеттік акті ала алмағанын айтқан тұрғындар мұны биліктің қолдан жасаған кедергілері деп есептейді. Ал конкурс пен аукционда ауыл шаруашылығына қажетті техникалары бар алпауыттар ғана жеңеді. Сондықтан қара халық ұжымнан мемлекетке өтіп кеткен жеріміз үшін әлі де күресетін боламыз деп отыр.

Мақсат Жақсыбаев