Шымкент әкімі: «Әл Фараби ауданы өзгелерге үлгі болуы тиіс»

512
Әл Фараби ауданы әкімінің есебі

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов аудан тұрғындарымен кездесіп, бір жылда атқарған жұмыстарымен таныстырды. Бұл жиынға шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов та қатысты.

Әл Фараби ауданы әкімінің есебі

Қазір Әл Фараби ауданында 156 мың тұрғын, 14 елдімекен бар. Қала орталығында орналасқандықтан мұнда халыққа күнделікті қажетті инфрақұрылым мәселесі шешілген деуге болады.

Дегенмен, кездесуге келген тұрғындар аудан әкіміне қала ішіндегі көлік қозғалысы, ретсіз сауда, ойын алаңшаларының жоғы, автотұрақтардың талаптарға сай емес екенін айтып өтті, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Қала аумағына қосылған елді мекендер санының артуына орай жаңадан Қаратау ауданының құрылып, Әл Фараби ауданында халық саны да, аумағы да әлдеқайда кеміген болатын.

-Әл Фараби ауданы қаламыздың айнасы болуы керек. Себебі, аталмыш аудан қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, қала мәдениеті осы жерден басталғаны жөн, — деді қала әкімін Ғабидолла Әбдірахымов.

Ауданда атқарылған жұмыстар да аз емес. Атап айтар болсақ, жылу қабылдайтын 609 көп қабатты үй тіркелген. 2015-2016 жылдары жылу маусымында ауданның солтүстік аймағында «3-Энергоорталық» АҚ арқылы 251 үй, ал оңтүстік аймақта «Қуатжылуорталық-3» МКК арқылы 358 үй жылу алуда.

Әкім есебіне келген көпшілік

Көп қабатты үйлердің хасбетін, тазалығын және жылуын сақтау мақсатында жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс істемейтін 118 тік құбыр анықталып, барлығы ауыстырылды. Ал 74 кіреберіс алаңға есік пен 645 шаршы метр фрамуганы тұрғындардың өздері орнатты.

Сонымен қатар жылуды үнемдеу мақсатында аудан тұрғындарына жылу есептегіш құралының тиімділігі туралы түсіндіріліп, 8 көп қабатты үйге жылу есептегіш құралы орнатылды.

Әкім есебіне келген көпшілік

Бұл ауданында 2015 жылы 23 492 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 21968. Сонымен қатар 134 өндірістік кәсіпорын бар. Оның ішінде 11 – ірі, 24 – орта, 99 шағын кәсіпорын.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы шеңберінде  Әл Фараби ауданында 2015 жылы күрделі жөндеу үшін белгіленген 30 көп қабатты үйдің 13-ін күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, жаңартылуда.

Нақты айтқанда Ә. Молдағұлова көшесі, №7, Республика даңғылы, №№19, 25а, 31, Быковский көшесі, №2, №5, Володарский көшесі, №№2а, 2б, 2 «В», Майлы қожа көшесі, №13, Байтұрсынов көшесі, №9, Жангельдин көшесі, №22 «А», Верещагин көшесі, №73 «А» үйлер. Сонымен қатар 2016 жылы 12 үйді күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Екі сағатқа созылған кездесуде аудан әкімі өткен жылы жасаған тірліктері мен алдағы жоспарын тізбектеп берді. Әкімнің 40 минуттық баяндамасын тыңдап, көкейдегі сауалдарын қойған көпшілік атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға берді.