Шымкент қаласындағы жолаушылар көліктеріне жаңа үлгідегі бірыңғай электронды валидаторлар орнатылады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдеріне берген брифингте осылай деп мәлім етті.
Шымкент қаласының әкімдігі мен кореялық «Korea Smart cart» кәсіпорнының басшылары арасында қол қойылған екіжақты меморандумның нәтижесінде еліміздің үшінші мегаполисы саналатын Шымкентте заманауи жүйе іс жүзінде жүзеге асырылатын болды. Баспасөз мәслихатында қалаға арнайы келген кәсіпорын басшысы Ли Ми Хо аталмыш мәселе бойынша тілшілердің қойған сауалдарына жауап берді.
— Бұл салада біздің әлемдік аренадағы тәжірибеміз мол, — деді Ли Ми Хо. — Алғашқыда Сеул мэрінің қолдауымен құрылған біздің кәсіпорын қазіргі таңда Маңғолия, Жаңа Зеландия, сол секілді Африканың бірқатар елдерінде табысты қызмет атқарып келеді. Біз Шымкентте алдағы бірнеше күнде қоғамдық жолаушылар тасымалының қызмет жүйесін саралап, зерделейтін боламыз. Қызмет сапасы көңілден шығып жатса, 2016 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап автобустарға бірыңғай үлгідегі электрондық валидаторлар орнатылады.
Айта кетерлігі, электрондық валидаторлардың бірнеше тиімді тұсы бар. Қала тұрғындарының әрқайсысына жеке төлем карталары берілетін болады. Жолаушылар сол арқылы карта есеп-шотын өзі қалаған сомаға толтырып, қоғамдық көліктерде электрондық қызметті пайдалана алады.
Қаладағы автотранспорт қауымдастығы басшыларының ұсынуымен алдағы қалалық сессия мәжілісінде сәуір айынан бастап жолақы құнын 70 теңгеге көтеру мәселесі қойылмақ. Алайда, жолақы құны қымбаттағанмен, студенттер үшін бастапқы баға қаз-қалпында сақталмақ, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, І топ мүгедектері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қоғамдық көлік қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік беріледі.
Жолақының қымбаттауының себебін жауапты мамандар қоғамдық көліктер үшін қосалқы бөлшектер құнының екі есеге дейін қымбаттап кетуімен байланыстырды. Бағаны көтеру арқылы қоғамдық көлік компанияларына автобустарды жаңалау талабы жалғасын табатын болады.
Бұл ретте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы осы талапқа сәйкес 2013 жылдан бері қала ішіндегі бағыттарда қатынайтын 500-ге жуық жаңа автобустың жеткізілгенін атап өтті. Алдағы уақытта шаһарда тағы 400-дей қоғамдық көлікті жаңалау қажет.