Шымкентке сенген Шұбарсу…

2024
Шұбарсу ауыл округі

Даладағы жұрттың күн көрісі қаладан болып тұр. Шымкент маңындағы Шұбарсу ауылының тұрғындары қалаға қатынап, несібесіне бұйырған нәпақасын сауда-саттықтан айырады. Өйткені аталған ауылда өрлеген өндіріс, кернеген кәсіпорын жоқ. Дегенмен, елдімекендегі тіршілік мүлде тұралап қалды деуге келмейді.

Шұбарсу ауыл округі

Ресми дерекке сүйенсек, Шұбарсу елдімекенде шаруашылық кітабы бойынша 23 мыңнан астам халық тұрады. Ал тіркеуге алынбағандарды қоса есептегенде 40 мыңнан астам тұрғыны бар деген болжам айтты әкімдік мамандары.

Табиғи демографияның үдерісі де үлкен. Жылына 800-ден астам нәресте дүниеге келеді. Халық саны өскен сайын әлеуметтік түйткілдердің көбейетіні түсінікті. Оның бастысы — жұрттың тұрмысының төмендігі.

Жергілікті тұрғын Ақмарал Жолдасова — 6 баланың анасы. Асыраушысынан айрылған ол жалдамалы үйде тұрады. Әкімдік қамқорлық танытып, көмір түсіріп беріпті. Бірақ 1 тонна көмір көп балалы отбасыға аздық етеді.

Шұбарсу ауыл округі

Жергілікті жұрттың көптен күткені — көгілдір отын. Алайда бұл арман тек 2017 жылы ғана орындаталын түрі бар. Әзірге жергілікті жұрт көмірмен күнелтіп отыр. Оның өзі де жаңа жыл бастала салысымен тоннасы 200 теңгеге қымбаттапты. Қазіргі баға 13 500 теңгені құраған.

Халқының басым бөлігі жұмыссыз болғандықтан, ауылдағы ағайынға бұл құнның өзі ауыр соғатыны анық. Әзірге даладағы әлеуметтің азығы қаладан болып тұр. Шаһардың батыс бөлігіндегі базарларда сауда-саттық жасап, нәпақасын тауып жүр. Әйтпесе ауылда кіріс көзі жоқтың қасы.

Шұбарсу ауыл округі

Расында да мұнда өрлеп тұрған өндіріс, кернеп тұрған кәсіпорын жоқ. Ауылдағы ағайынның бірқатарының әжетіне жарап тұрғаны — әлеуметтік нысандардағы жұмыс орны. Бірақ қалың қауымның қайсыбіріне ондағы санаулы штат бұйыра берсін?!

Дегенмен, елдімекендегі тіршілік мүлде тұралап қалды деуге болмас. Әкімдік әлеуметтің әлеуетін көтеруде бірқатар жобаларды қолға алыпты.

Ауылдық округке жуырда ғана жаңадан тағайындалған әкім, әйтеуір, жан-жақтан кәсіпкерлерді тартып, түрлі нысандарды ашуға ден қойып отыр екен. Оларға қажетті жағдай жасасақ, іскер азаматтар ілкімді жобаларын жүзеге асырады деген сенім бар басшыда.

Мақсат Жақсыбаев