Қыздар футболынан мектеп оқушылары арасындағы лига Шымкентте осыдан екі ай бұрын ашылған болатын. 64 команда тіркеліп, олардың арасында арнайы жарыс та басталды. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ командалардың тең жартысы сынақтан шет қалды. Ал ақтық сынға шыққан 8 команда қаңтар айының соңында өзара чемпиондарын анықтайтын болады.
Жандос Сарманов, ОҚО әйелдер футболының аға бапкері: «Бастапқыда іріктеу болатын. Сәуір айында ақтық жарыс басталады. Онда 8 команда сынға түседі. Оған дейін футболшылар тәжірибесін жоғалтып алмасын деген ниетпен осындай турнир өткізіп жатырмыз. Оның үстіне жарысқа қатысушылардың барлығы да мектеп оқушылары ғой. Ал қазір демалыс. Турнир өткізуге тиімді уақыт.»
Ақтық сынға дейін жеткіншектердің дайындығын байқау үшін мектеп лигасының белсенділері жолдастық кездесулер өткізді. Сегіз команда ресми жарыста болатын қарсыластарымен кездесіп, олардың ойын өрнегімен де танысты.
Қалалық №7 футбол мектебінің қолдауымен өткен турнирдің нәтижесінде №4 мектептің оқушылары бірінші орынды жеңіп алса, № 68 және 87 мектептің футболшылары да ептілік танытты.