Шымкентте кәріз коллекторы жарылып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде. Оқиға Еңбекші ауданындағы «Оңтүстік» шағынауданында (Чапаевка) болды.
Осындағы Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі, №2 «А» үйлердің арасында, Деповская көшесі, №21 үйдің ауласында 3-4 қаңтар күндері диаметрі 1000 мм кәріз коллекторы жарылған. Соның салдарынан жер опырылып, диаметрі 2 метрлік шұңқыр пайда болды. Қазір кәріз коллекторының үстіндегі жер толық опырылып, экологиялық сипаттағы төтенше жағдай туындау қаупі бар.
Коллектор 1964 жылы салынған, 3-4 метр тереңдікте жатыр. Жалпы ұзындығы — 5,6 шақырым. 6 қаңтар күні жауапты мамандар коллектордың техникалық жағдайын тексеріп шығып, тозығы жеткенін және тордың шіріп кеткенін анықтады.
Кәріз желісінің санитарлық қорғаныс аймағында 100-ден аса тұрғыны бар 23 үй бар. Үстінде 5 үй салынған. Осы учаскеде салынған барлық 115 үй жекешелендіру арқылы заңдастырылған.
Кәріз коллекторы басқа жерде жарылған жағдайда адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп, үйлердің қирауы мүмкін еді дейді мамандар.
Осыған байланысты 6 қаңтарда Шымкент қаласы әкімдігінде жедел төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізіліп, «Жергілікті маңыздағы төтенше жағдай» жарияланған. 7 қаңтар күні осы учаскеге қосымша комиссиялық зерттеу жүргізілді.
Бүгінгі таңда осы маңда басқа жер опырылған жоқ. Қала әкімшілігінің мамандар Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі, №2 «А» үйлеріндегі тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруде.