Шымкентте тағы бір бей-берекет қоқыс алаңы пайда болды. Тәуке хан даңғылының аяқ жағындағы «Фиркан сити» дүкені жанындағы бос алқап кәсіпкерлердің тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын тастайтын орнына айналған. Ақтас елдімекеніндегі полигонды қашық деген кейбір азаматтар ақы төлеп, қалдықты осында төгетін әдет шығарыпты. Қазір мәселенің мән-жайын анықтауға арнайы комисия құрылды.
Бос жатқан бірнеше гектар алқап санаулы күнде қоқыс алаңына айналды. Қоқыс қалдықтары тиелген жүк көліктері қаладан ағылып келіп жатыр. «Таза қала» мекемесі мамандарының сараптамасына сай, мұнда тұрмыстық қалдықты тасымалдап жатқандардың қатарында «Бегасыл сервис» және «Орион жаңа технологиялар» мекемелері де бар екен. Қаланың басты полигонына берешегі бар мекемелер осындай қадамға барыпты.
Орын алған олқылықты анықтау үшін қала әкімдігінде шұғыл арнайы комисия құрылып, келеңсіздікке қатысты шара көру қолға алынды. Бұған қатысты Алатау көшесінің тұрғындары да қоқыс қалдықтарының ортасында қалғанын айтып айқайға басты. Олар қаланың қақ орталығында екі бірдей полигон пайда болғанына наразы.
Жасыратыны жоқ, Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдық мәселесін түбегейлі шешу қажет. Шаһардан 15 шақырым қашықтықтағы Ақтас полигоны қаладан шығатын қоқыс қалдығын толығымен қабылдайтын болса, екі жылда лық толады. Мұны қалалық әкімдіктің өкілдері де мойындап отыр.
Нұрлан Жаңабай