Шымкентте жаңа үй 7 балдық жер сілкінісіне шыдады

358
"Тұран" шағынауданындағы көпқабатты алғашқы үй

Шымкентте жаңадан бой көтеретін Тұран шағынауданындағы көп қабатты үйлер сейсмотұрақты бола ма? Өңірімізде алғаш рет темір-бетонды үйде сейсмологиялық сынақ өтті. «ҚазНИИСА» компаниясы заманауи құрылыс материалдарымен салынған ғимаратта зерттеу жүргізіп, қорытынды шығарды.

"Тұран" шағынауданындағы көпқабатты алғашқы үй
Тұрандағы алғашқы үй

Сейсмология институтының мамандары шоғырланған «ҚазНИИСА» компаниясы жергілікті мердігердің шақыртуымен арнайы келген. Құрылысшылар Шымкентте темір-бетоннан салынып жатқан 9 қабатты үйдің сейсмотұрақтылығына көз жеткізу үшін тыңғылықты дайындалыпты. Шатырға тербелткіш көлік орнатып, жер дүмпуін қолдан жасады. Жеті балдық сілкініске дейін апарып, ғимаратты шыдамдылығын тексерді.

9 қабатты темір-бетон құрылымының төзімділігі мен қауіпсіздігіне күмән тудырмағандықтан болар, мамандар сынақ алаңына тілшілерді қорықпай жіберді. Биік ғимарат қатты тербелгенімен, ешқандай кедергі болған жоқ. Қабырғалары да сау. Осылайша мамандар үйдің сейсмотұрақтылығына көз жеткізіп, ғимараттың 7 балдан астам жүктемесін ұстап тұру қабілеттілігін растады.

Игорь Ицков, сейсмикалық зерттеу жүргізу зертханасының меңгерушісі: «Ғимарат сынаққа төтеп берді. Құрылымында ешқандай ақау жоқ. Десе де кішкене кедергілер болды. Бөлме арасындағы қабырғаларда шағын жарықша болды. Жалпы, ғимарат жеті балдық жер сілкінісіне төтеп берді.»

Бұл сынаққа халықаралық бақылаушылар да арнайы қатысты. Мамандар жер сілкінісін жіті тексеріп жүргендіктен, сәулетшілер мен жобалаушылардың жұмысына тәнті болды. Ең бастысы, құрылыста қолданылған отандық өнімнің төзімділігін мойындады. «Заманауи құрылыс бұйымдары» компаниясының еңбегін жоғары бағалады. Айтуларынша, ғимарат аса берік салынған.

Шамиль Хакимов, Өзбекстаннан келген бақылаушы: «Бұл — өте қиын сынақ. Бұған екінің бірі бара бермейді. Мұндай сынақтар тек Кеңес дәуірі кезінде өткізілетін еді. Ал Қазақстан үнемі назарда ұстайды. Осы қатты қуантады. Жер дүмпуіне қай кезде де дайын болу қажет. Ал бұл көп қабатты үй  өте сапалы салыныпты. Құрылыс компаниясының еңбегін жақсы деп бағалауға болады. Нәтижесі қуантып отыр.»

Ұлықбек Бегалиев, Қырғызстандық бақылаушы: «Бізге өте қызық. Сейсмотұрақты үй салу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай сынаққа қатысып, өзімізде көп нәрсе үйренеміз. Тәжірибе аламасамыз, біліктілігімізді арттырамыз. Байқағанымыз, темір-бетон үйлер шыдамды болады екен. Құрылыстың бұл түрі уақытты үнемдейді әрі тез салынады. Жылдам бой көтеретін биік үйлерден қорқудың қажеті жоқ. Осыны халық ұғынса дейміз.»

Ғимараттың берік болуы қабырғалардың мінсіз қалануына байланысты. Бірақ, құрылысқа қолданылатын әр материалдың сапалылығы ауадай қажет. Саннан сапаға көшкен «Замануи құрылыс бұйымдары» серіктестігі талапқа төтеп берді. Облыс орталығында жаңадан бой көтеріп жатқан Тұран шағынауданындағы алғашқы көп қабатты үйді салған олар тәуекелге бел буып барғандарын жасырмайды.

Болат Бекжігітов, «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-нің басқарушы директоры: «Сынақты жақсы өткіздік. Мамандарды өз қаржымызға шақырдық. Басында қорықтық, бірақ, темір-бетоннан алғаш рет үй салып жатқандықтан, тәуекелге бардық.»

Сынақ қорытындысына сейсмикалық зерттеу институтының мамандарының көңілі толып отыр. Шымкенттіктердің 7 балға дейінгі жер дүмпуінен қорықпауына болатынын растады. Әрі темір-бетон үйдің қауіпсіздігіне көз жеткізді.