Созақтағы сексеуілді күзетушілердің ерліктей еңбегі

764
Сексеуіл алабы

Созақтың шөлейтті даласындағы құм төмпелерінің көшкінін кісендеп, адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, елдімекендерді дауылдан қорғайтын сексеуіл екені баршаға аян. Теріскейде осы бұтаның айрықша ақ және қара түрлері кездеседі. Қызуы қуатты болғандықтан, жергілікті тұрғындар сексеуілді жылдар бойы отын ретінде пайдаланып келген. Енді сексеуіл алқаптарын Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің мамандары торуылдайды.

Сексеуіл алабы

Орман шебері Жұмабек Қалдыбаевқа Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшылығы жиі келіп тұрады. Өйткені, 330 мың гектар аумақты қамтыған шаруашылық аудан орталығы Шолаққорғаннан 250 шақырымда орналасқан.

Сексеуіл алабы

Шалғайдағы сексеуіл алқаптарын күзету оңай шаруа емес. Қатары сиреген ағаштың орнын толтыру мақсатында соңғы 6 жылда жаңа алқаптарға тұқымы себіліп, көшеттері отырғызылуда. 2013 жылдың соңында 5 мың 800 гектарға сексеуілдің ұрығы себілген болатын.

Сексеуіл алабы

Теріскейдің шөлейтті, құмды даласына қатты ағаш тұқымдасына жататын сексеуілдің ақ, қара түрлері бейім келеді. Созақ орман шаруашылығында отырғызылған 1-2 жылдық көшеттер бүгінде жетіліп үлгеріпті.

Сексеуілдің жауы — сұғанақтар, дала кеміргіштері және өрт. Олармен күресті Созақ ауданында құрылған Шолаққорған, Мойынқұм, Созақ орман шаруашылықтарының орманшылары үздіксіз жүргізеді. Үнемі желі азынап, суығы сүйегіңнен өтетін өлкеде арнайы техникаң болмаса, шаруашылықтарды аралап, жұмысты жүйелі ұйымдастыру қиынға соғады.

Алмас Алпамышов, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау» мемлекеттік мекемесінің директоры: «Бір орманшыға 40 мың гектар жер бөлінген. 11 мотоцикл, 11 көлік бар. Былтыр департаменттің қолдауы нәтижесінде бір өрт сөндіретін мықты арнайы көлік алдық.»

Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінде еңбек ететін 66 қызметкердің жартысы орманшылар, ұсталар және олардың көмекшілері. Үш орман шаруашылығына 1 млн гектардан астам жер тиесілі екендігін ескерсек, теріскейліктердің күнделікті қызметі ерлікпен тең.

Шынар Оразова