Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар: «Халық сауатсыз дәрігерлерге өкпелі»

387

Медициналық қызмет көрсетудің сапасына жұрттың көңілі толмайды. Облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментіне жиналған қалың қауым осындай өкпесін айтты. Медициналық көмек көрсету мәселелерін талқылаған мамандар былтыр қауырт желіге 864 адамның қоңырау шалғанын айтады. Олардың 67-і ақ халаттылардың сапасыз қызметіне қатысты.

Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті

Арыздардың басым бөлігі диагноз қою және емдеу тәсіліне, қажетсіз ақылы анализ жасауға жолдау, тағайындалған дәрі-дәрмектердің қымбат бағасына, дәрігердің қабылдауындағы ұзақ кезек, ауруханаға жатудағы қиындықтарға қатысты болған. Азаматтар, әсіресе, мемлекеттік медициналық мекемелердің қызметіне өкпелі.

Қала іргесіндегі және ауылды жерлерде медициналық қызмет түріне қол жеткізе алмағандар тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестіктеріне де арызданған.

39-02-60 нөмірлі қауырт желі арқылы азаматтар медициналық сақтандыру карталары бойынша қызмет көретуден бас тарту, мемлекет тарапынан кепілдендірілген ақысыз қызметттерді көрсетпеу жөніндегі мәселені де көтерген.

Бұл сын-ескертпелер мен ұсыныстар денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Ақ желеңділердің жауапкершілігін енді аталған ведомство қарайтын болады.

Шынар Оразова