Шымкенттік дәрігерлер шала туған сәбидің өмірі үшін 28 күн күресті

1

Шымкентте салмағы небәрі 980 грамм болып дүниеге келген нәрестені дәрігерлер аман алып қалды.

№2 аурухананың перзентхана бөліміне 39 жастағы келіншек келіп түскен. Жағдайының нашарлығына байланысты жүкті әйелді дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алған.

Салмағы небәрі 980 грамм боп дүниеге келген сәбидің жағдайы ауыр болған. Дәрігерлер нәрестені дереу жансақтау бөліміне ауыстырып, өкпенің жасанды желдету апаратына қосқан. Сәбиге жаңа туған нәрестелердегі тыныс алудағы бұзылыс синдромы және бронхоөкпелік дисплазия диагноздары қойылған. Одан бөлек дәрігерлер инфузионды және инотропты ем шараларын жүргізген.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сәби жансақтау бөлімінде 28 күн жатып, кейін нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылған.

Туыстары балаға Мұстафа есімін беріпті. Өздігімен дем ала бастаған Мұстафаны дәрігерлер анасының құшағына берген. Бүгінге бала салмақ қосып,  2700 грамм болған.

Ақ халаттылар ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп отыр. Жақын арада үйлеріне шығарылады.