Оңтүстік Қазақстан облысында ұлттық және өңірлік табиғи парктер аумағында туристік нысандар салынбақ. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған орай өңірдегі экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи парктерінің орман табиғи қорлары аумағында туризмді дамыту жобалары бизнес-қауымдастыққа таныстырылды.
Негізгі мақсаты мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумақтарында туристік және демалу қызметін жүзеге асыру үшін туризм нысандарын салуға өңірдің кәсіпкерлерін тарту болып табылатын жиында «Сайрам-Өгем» және «Түркістан-Сырдария» парктерінен ұсынылған 5 жер учаскесі таныстырылды.
Атап айтқанда «Сайрам-Өгем» паркінің Машат шатқалынан 4,4 гектарға (Түлкібас филиалы), Иіржол шатқалынан 1,5 гектарға (Төлеби филиалы) туристік кешен құрылысын жүргізу ұсынылса, Бак-Шелпек шатқалының 1,5 гектар аумағынан (Өгем филиалы) демалыс орнын салу жоспарланды.
Сонымен қатар туризм нысандары «Түркістан-Сырдария» табиғи паркінің Сырдария филиалындағы Байырқұм және Тақыркөл орманшылығының маңынан да бой көтеретін болды.
Жобаларды таныстыру қорытындысы бойынша 2016 жылдың ақпан айында мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік орман табиғи қорынан жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беруге қатысты тендер өткізу туралы хабарланады.
Айта кетейік, бүгінге дейін «Сайрам-Өгем» паркінің 9,5 мың гектардан астам аумағын құрайтын 218 жер учаскесі ұзақ мерзімді пайдалануға, 217 гектардан астам аумақты алатын 114 жер телімі қысқа мерзімді пайдалануға берілген.