Қазақстан түрмелерінен қаржы жинап, сотталғандардың тыныштығын бұзып келген қылмыскер Шымкентте сотталды. Қылмыс әлемінде Бонд лақап аты бар Стуруа Бондоға үкімді Оңтүстіктің соты кесті.
Бондо Стуруа лақап атымен танылған халықаралық ұрыға үкім Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта оқылды. Сотқа төрағалық еткен Әбинұр Қарабаев қазақстандық Бонд есімімен белгілі болған күдіктіні аты-шулы әккі адам деп есептейді. Ол екі жыл бұрын Мәскеуде қолға түскен.
Кейіннен Қазақстанға жер аударылып, Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалған. Оған еліміздегі қылмыстық ұйымға басшылық жасап, халықаралық қылмыстық серіктестерін қаржыландырған деген айып тағылады.
Ашық түрде өткен отырыс орыс тілінде өтті. Прокурордың айтуынша, Бонд Қазақстандағы қылмыстық серіктестікке басшылық еткен. Халықаралық қылмыстық бірлестікті қаржыландырып отырған. Онымен қоймай, еліміздегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан қылмыстық авторитеттерді осы ұйымға тартқан. Мемлекеттік айыптаушы оның көмекшісіне 7 жыл, ал түрмедегілердің үстінен қарап жүрген Бондоға 25 жыл беруді сұрады.
Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы: «Сот ісін қарау барысында сотталушылардың туыстарынан үш рет Бондоның қаржы алғаны анықталды. Сосын өздерінше конференция ұймыдастыратындары да анық болған. Тараздағы түзеу мекемесі мен Алматыдағы түрмелердің үстінен қараушылардың мәселесі бойынша жиналыс ұйымдастырған.»
Бондо бұған дейін Қазақстан заңымен 4 рет сотталған. Кәмелетке толмаған кезінде де сотты болған көрінеді. Негізі Грузия елінің тумасы 1995 жылдан бері Қазақстанда жүрген.
Оның Андрей Ли деген көмекшісі де мәз емес. Ол осы уақытқа дейін үш рет сотты болған. Соңғысында көлік ұрлап, адамға дене жарақатын салып, қару асынғаны үшін ұсталып, қамалған. Осы Андрей Ли арқылы Бондо түрмелердегі проблемаларды шешіп бергені үшін қаржы жинап отырған. Сотталғандардың тыныш өмірі үшін туыстарынан да ақша алып келген.
Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы: «Сот үкім етті — Стуруаны Қазақстан Республикасы қылмысты кодексінің 3 бабы бойынша кінәлі деп тауып, оны 22 жылға бас бостандығынан айырып, жазаны айрықша режимдегі түрмеде өтеу белгіленсін. Оған көмек көрсеткен Лидің де әс-әрекеті заңсыз деп танылып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.»
Сот процесі біткенен кейін судьяны тоқтатқан сотталушылар шағымдарын айтып қалды. Айтуларынша, түзеу мекемелері былыққа батқан.
Түрмеде жазысын өтеп отырған Андрей Лидің бұған дейін 5 жыл 4 айға сотталған жазасына енді тағы 7 жыл қосылды.
Ернар Балабеков