Шымкент қаласының полицейлері алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 46 жастағы азаматты ұстады. 2016 жылдың 16 қаңтары күні Абай полиция бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған.
Жәбірленушінің айтуынша, 2015 жылдың күзінде бір кісімен танысады. Өзін бір бөлімнің бастығымын деп таныстырған адам Созақ ауданындағы ірі кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналастырып беруге уәде беріп, сол үшін жәбірленушінің 40 мың теңге ақшасын алып, қашып кетіпті.
ОҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға осыған ұқсас арыздармен Шымкенттің онға жуық тұрғыны шағымданған.
Сонымен, Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру барысында 1969 жылы туылған жұмыссыз азаматты ұстады. Тергеу барысында күдіктінің 30 алаяқтық әрекетке қатысы бар екені анықталды. Ол өз құрбандарымен ірі кәсіпорынның қызметкері ретінде танысып, сосын азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақшаларын алып, қашып кетіп отырған.
Жәбірленушілерге алаяқтан келген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асып кетті. Қазір осы факті бойынша қылмысты кодекстің 190-бабымен (алаяқтық) іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.