Жаңа жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы — 9 пайызға, ал әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7 пайызға көбейді. Бұл жаңалық елді елең еткізгенімен, қымбатшылық жағадан алып тұр. Көбейген төлемдер көпшіліктің қолына әлі тимеген. Ал айына бір алатын зейнетақысын күткендер банктерді жағалап жүр.
Зейнетақы мен төлемақының көбейетінінен халық хабардар. Ең төменгі зейнетақы 25 824 теңге болып белгіленгенін де біледі. Мемлекеттік базалық зейнетақы — 11 965 теңге.
Жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 86 961 теңгені құрады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 859 теңге болып бекітілген. Бұл — 1 қаңтардан бастап енген жаңалық.
Халық банктің өңірдегі бөлімшелерінің алдында жиналғандар жұрт зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді күтуде. Әзірге жаңа жылдан бастап өскен төлемдер азаматтардың есеп-шоттарына әзірше түспеген. Алайда кезекте тұрғандардың бүгін беріп қалады деген үміттері басым.
Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мамандары барлық төлемдер есептелгенін алға тартты. Төлемдері артқан азаматтар 10 қаңтарға дейін міндетті ақыларын алады деп уәде етті.
Шынар Оразова