Жасөспірім қыз өз әкесінен ақша бопсалаған

297
қыз ұсталды
Фото: //info-rm.com

ОҚО полицейлері өзінің ұрланғаны жайлы жалған көріністі ұйымдастырған қызды тапты. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

қыз ұсталды
Фото: //info-rm.com

2015 жылдың 27 желтоқсаны күні Сарыағаш АІІБ-на 40 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші өз шағымында 17 жасар қызы күндіз базарға кетіп, содан үйіне қайта оралмағанын мәлімдеген. Арада біраз уақыт өткенде жасөспірімнің ұялы телефонына белгісіз біреуден қыздың бостандығы үшін ақша талап еткен хабарлама келген.

Аталған жайт Сарыағаш АІІБ-ның сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 125-бабымен адам ұрлауға қатысты іс қозғалды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Сарыағаштың тәртіп сақшылары бірлесе отырып, жедел іздестіру барысында ұрланған қыздың жасырынған жерін анықтады. Ол Шымкент қаласындағы Республика даңғылы бойындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде болып шыққан. Сол жерде ешқандай адам ұрлау әрекеті болмағаны анықталды.

Тергеу барысында қыз өзінің ұрланғаны жайлы жалған ақпаратты өзі ойлап тапқаны әшкереленді. Ол өзінің интернет арқылы танысқан жігітіне хабарласып, кездеседі. Содан жігіттің телефонынан әкесіне өзінің бостандығы үшін ақша талап етіп хабарлама жіберген.

Айта кету керек, кәмелет жасына толмаған қыз ешқайда оқымайды және жұмыс істемейді. Бұған дейін де өз үйінен кетіп қалып жүрген екен.

Қазіргі таңда полицейлер орын алған оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.