Жергілікті полиция қызметінің басшысы тағайындалды

274
Балтабек Сейілбекұлы Абылаев
Балтабек Сейілбекұлы Абылаев

Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметі құрылып, басшысы тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

ОҚО әкімдігі

Өңір басшысы Б.Атамқұловтың қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 45-сессиясы өтті. Онда Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың ұсынысымен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен, облыс әкімінің өкімімен облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Балтабек Абылаев тағайындалды.

Жиында сөз алған облыс әкімі жергілікті полиция қызметі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұлт жоспары – «100 нақты қадам» негізінде құрылғанын айтты.

— Жергілікті полиция бұдан былай өңірдегі заң бұзушылықтарды анықтауға, зерделеуге және жоюға бағытталған шараларды ұйымдастыратын болады. Сондай-ақ, жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол жүрісін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — деді аймақ басшысы.

Балтабек Сейілбекұлы Абылаев
Балтабек Сейілбекұлы Абылаев

Балтабек Сейілбекұлы Абылаев – 1962 жылы туған. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 1990 жылдан бастап ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Б.Абылаев жаңа қызметіне дейін ОҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы қызметін атқарып келген.

Сонымен қатар кезектен тыс сессияда облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Ержан қоғамға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға «Қазақстан мәслихаттарына — 20 жыл» мерекелік медалін табыстады. Құрметке ие болғандардың ішінде Қазақстан парламенті сенатының депутаты О.Рахманбердиев, парламент мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов те бар.