«Жылулық сыйла». Оңтүстікте дәл осындай атаумен қайырымдылық шарасы өтті. Оның барысында 150-ге жуық отбасына тегін көмір таратылды.
Бұл қайырымдылықты «Шұғыла» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Өзгелерге жылулық сыйлау үшін қоғамдық бірлестігінің өкілдері көп дайындалды. Жаны жомарт жандарды акцияға қатысуға шақырып, қыстың көзі қырауда көмірсіз отырған отбасыларының тізімін жасады. Нәтижесінде 140 отбасы қатты отынмен қамтылды.
Нұржан Исатаев, «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің өкілі: «Көмек көрсетілетін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі әкімдіктен берілді. Алдымен сол отбасылардың жағдайын көріп, сараптама жүргіздік. Тек содан кейін ғана көмек көрсетіліп, әр үйге екі тоннадан көмір түсіріп бердік».
Баспанасын отырмен жылытып отырған Мейрамгүл Айдарова тегін көмір беріледі дегенді естіп, қатты қуанғанын айтады. Өйткені мектепте аула сыпырушы болып табатын 15 мың теңге айлығы көмір түсіруге жетпейді. Қыстың түскеніне екі айдың жүзі болса да, әлі көмірсіз отырған 4 балалы отбасы үшін бұл үлкен көмек болды. Екі шелегін көтеріп, ауласына төккен көмірді тасып жүр.
Мейрамгүл Айдарова: «Мектепте аула тазалаушы болып жұмыс істеймін. Айлығым — 15 мың теңге. Биыл қаражатым жетпей, әлі көмір алған жоқ едім. Енді жақсы болды, қуанып қалдым. 2-3 айға бұл 2 тонна көмір жетеді. Қайырымды жандарға рахмет айтамын.»
Акцияға Шымкент пен Арыс қаласынан 70 жанұя ілікті. Барлығы да әлеуметтік аз қамтылған отбасы болғандықтан, ұйымдастырушылар әр қайсысына екі тонна көмірден берді. Тасымалы үшін де бір тиын алмады.