«Зейнетақының құны артады деп атойлағанымызбен, керісінше, кеміп кетті». Шымкенттегі №5 қарттар үйінің қариялары осылай арызданып отыр. Айтуларынша, кезінде маңдай терімен тапқан теңгесінің бақандай 70 пайызынан қағылған. Ал жергілікті зейнетақы қорының мамандары бұл жағдай елдің әлеуметтік ахуалына ғана тәуелді емес, қариялардың өзіне де тиімді ұсыныс деп жұбатады.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Надежда Гущина — облыс орталығындағы қарттар үйінің тұрғыны. Мемлекеттік баспананы паналап жүргеніне 1,5 жылдан асқан. 40 жыл бойы өңіріміздегі геология саласында қызмет еткен қария енді бейнетінің зейнетін көруді жазбады деп наразы болып отыр.
Надежда Гүщина, зейнеткер: «Жаңа жылдан бастап зейнетақы қосылады деп хабарлады, қуанып қалдық. 75 мың теңге еді, одан 80 мың теңгеден жоғары болып көтерілді. Кейіннен қолыма тигені — 25 800 теңге ғана. Көңіліме тигені — маңдай теріммен тапқан қаржыны да толық ала алмаймын ба?! 40 жылдық еңбек өтілім қайда кетті?! Жиған қаржы қайда кетті? Мұнда бізге бар жағдайды жасағанымен, кей дәрі-дәрмегімді өзім сатып аламын ғой.»
Ал өңірдегі зейнетақы төлеу орталығының мамандары бұл өзгеріс қарттардың қалтасын қақпайтынын айтып ағынан жарылды. Зейнетақының тиынына дейін зейнеткердің өзіне жұмсалады дейді.
Несібелі Қаражанова, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың ОҚОФ директорының орынбасары: «Зейнетақы алушының зейнетақы мөлшері 40 мың теңге болса, сол 40 мың теңгесінің 30 пайызы, яғни, 12 мың теңге алушының өзінің жеке шотына аударылады, бірақ 12 мың теңге ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болғандықтан, оны біз 25 824 теңгеден алушыға аударамыз. Ал қалған 40 мыңның 70 пайызы — 25 мың бола ма, соны медициналық-әлемеуттік мекеменің есеп-шотына толығымен аударамыз».
Ал арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мамандарының айтуынша, бөлінген теңгенің тиынына дейін жауаптылар қадағалап отыр. Арнайы комиссияның құрамында әлеуметтік мекеме жетекшілері, дәрігерлер, дәріхана қызметшісі, есепші және жергілікті билік өкілдері бар. Қазір қарттар үшін мұнда спорттық сыныптар, медициналық ем және асхана сынды бөлмелер де жұмыс жасайды. Анығырақ айтсақ, әр қарияның бір айлық өмір сүруіне қазынадан 75 мың теңге жұмсалады екен. Мекеме басшылығы енді зейтақының қомақты бөлігі қорға түскесін, оларға жасалатын жағдайдың сапасы да артатын айтты.
Гүлфайруз Абатова, №5 қарттар үйінің қызмет алушылар ісі бойынша маманы: «Қариялардың киім-кешегі бар, сырт киім, іш киім дегендей — қаржыны толық өздеріне керек-жабдықтарға жұмсаймыз. Тіпті тамақ мәзіріне арнайы пайдалы дәрумендер алуымыз мүмкін және қарт болғасын жайма, жөргек сияқты қосымша қажеттіліктерді сатып аламыз».
Айта кетейік, бүгінде қарттар мен мүгедектерге арналған мекеменің 250 тұрғыны бар. Оның 106-ы І және ІІ топ мүгедегі. Мұнда жыл басынан бері тағы 8 қария келіп қоныстанған. Өкінішке қарай, мекемені мекендеген жандардың қатары сейілер емес.