Шымкентте қоғамдық көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Оны сала мамандары қаладағы көліктердің көптігімен түсіндіреді. Ал жуырда ғана «Фиркан Сити» дүкенінің алдында болған жол апаты автобустағы техникалық ақаудан туындағаны анықталды. Осыдан соң тасымалдаушылардың қауіпсіздікке қаншалықты назар аударатынын аңғару үшін біздің түсіру тобымыз қоғамдық көліктердің таңсәріде бағытқа шығу барысын бақылап қайтты.
Қоғамдық көліктердің бағыт алдындағы техникалық жағдайын тексеру — механиктің міндеті. Күнде таңертең ол автобусты тексерсе, дәрігер жүргізушінің денсаулығын бақылайды. Толығымен қаралған соң мөр басылып, қолына жолдама беріледі.
Сәкен Құлтасов, автобус жүргізушісі: «Жұмысымыз оңай емес. Күнде таңертең 5-те тұрамыз. Бекетке келіп, автобусты қыздырып, бір сағат бойы денсаулығымыз ден көлігіміздің ақауын тексертеміз.»
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшыларының мәлімдеуінше, шаһардағы барлық көлік компанияларында арнайы техникалық қауіпсіздік қызметі жұмыс істейді. Инженерлер парктен шығатын автобустарды бағытта жүрген кездерінде де қатаң қадағалауына алады екен.
Егер тасымалдау барысында автобуста ақау шықса, оны алмастыру көп уақытқа созылмайды. Күн сайын қала көшелеріне 1000-нан астам автобус шығып жолаушы тасымалдайды. Дегенмен, олардың жол апатына қатысы бар жағдайы азаймай тұр.
Нұрлан Жаңабай