Шымкенттегі Қапал батыр көшесі бойындағы теміржол өткелінің бір бөлігі аяқталып, пайдалануға берілді. Қазір бұрынғы көпірдің қалған бөлігін бұзу жұмыстары басталды.
Чапаевка елді мекеніне, яғни, Оңтүстік шағынауданының тұрғындары жаңа көпір арқылы қатынауға мүмкіндік алды. Бірақ әзірге көлікпен емес, жаяу.
Мердігер «Береке» корпорациясы биылғы қараша айына дейін ені 26 метр, ұзындығы 500 метрді құрайтын көпірді толығымен қолданысқа тапсыруы тиіс. Қазір құрылысшылар бекітілген кестеден алда келеді.
Еске сала кетейік, көпірдің құрылысын мердігер 2014 жылы бастаған болатын. Бұл жұмысқа 1 млрд 141 млн теңге бөлінген. Маңызды нысандағы басты қиындық — пойыздардың жүру кестесіне қарай тірлікті тындырып үлгеру.
Бұл үшін мердігер «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен келісім де түзген. Дегенмен, мердігер мекеме нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды көздеп отыр.
Нұрлан Жаңабай