Ұлттық банк төрағасы валюта бағамына қатысты қауесетке сенбеуге шақырады

238
Данияр Ақышев
Данияр Ақышев

Доллар бағамы 520 теңгеге бір-ақ көтеріледі деген ватсап желісі арқылы тараған қауесет жалған. Қарапайым халық білгір-сымақтардың болжамдарына нанбауы тиіс. Өңірімізге арнайы сапармен келіп, журналистермен кездесу өткізген ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осылай деді.

Дегенмен, еліміздің бас қаржыгері әзірге АҚШ ақшасының бағамына қатысты нақты түйін жасай алмайтынын мойындады. Алайда, ол қазір мемлекеттегі барлық сату операцияларының ұлттық валютада жүргізілуіне күш салып жатқанын ашық мәлімдеді.

Данияр Ақышев

Брифингтің «бісмілләсін» мемлекеттік тілде бастаған Ақышевтің аяқ алысына алғашында журналистер қауымы қуанып қалды. Бірақ, көпке ұзамай, кіріспе сөзден кейін қазақшасының шорқақтығы үшін қымсынды ма, әйтеуір, әңгімесі орысша өрбіді.

Ақышевтің айтуынша, бүгінде депозиттердің долларлануы әлі де басым. Оның деңгейі 69 пайызға жеткен. Әсіресе, Оңтүстіктің банктеріндегі салым бір жыл ішінде 22 пайызға өсіпті. Одан бөлек, банктердегі ұлттық валютамен салынған депозиттердің сыйақысы 14 пайызға ұлғайған. Осылайша Ақышев өз ақшамыздың айналымын арттыру арқылы теңгенің мәртебесін көтеруге күш салып жатырмыз деп марқайды. Ал ең бастысы, жаһанды жайлаған экономикалық қиындықтардан Қазақстан қысылмай өтеді деп сендіруге тырысты.

Данияр Ақышев
Данияр Ақышев

Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы: «Былтырдың соңында ұлттық банктің халықаралық резерві 28 млрд долларды құрады. Ал ұлттық қордың активтерін қоса алғанда 92 млрд  АҚШ долларына жетті. Бұл қаржы біздің бүгінгі экономикалық қиындықтарды еңсеруімізге мүмкіндік береді. Естеріңізде болса, 2008 жылы болған ғаламдық дағдарыс кезінде жалпы резервтегі қаржы көлемі 39 млрд долларды құраған. Яғни біздің қазіргі қордағы қаражатымыз 2,5 есеге көп.

Дегенмен, елдегі инфляция көрсеткіші көңіл көншітпейді. Былтыр ол 13,6 пайызды құрапты. Ал Оңтүстікте ақшаның құнсыздануы 13,2 пайыз көлемінде. Соның салдарынан азық-түлік — 10 пайызға, қызмет көрсету құны 9 пайызға қымбаттаған. Теңге әлеуетінің әлсіреуі әлемдегі қара алтын бағасының құлдырауына тікелей қатысты екені белгілі. Мұны Ақышев та мойындап отыр. Ал бұған дейін жұрт арасында ватсап желісі арқылы доллар бағасы 520 теңгеге жетеді деген қауесетке төраға былай тіл қатты.

Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы: «Қазіргі уақытта валюта бағамдарының жуық арада айтарлықтай өзгеруі аз деп бағалаймыз. Елімізде бұдан да жағымсыз сценарийлерге дайындық іс-шаралары түзіліп, алдын ала ойластырылып қойған. Менің ойымша, қазір теңгенің әлсіреуі өзінің шегіне жеткен сияқты. Енді бірте-бірте қара алтын құны көтеріліп келеді. Бірақ, иұның өзінде нақты түйін жасау қиын. Мәселенің бәрі мұнайдың нарқына тіреліп тұр.»

Бір байқағанымыз, Ақышевтің алға қойған мақсаты — теңгенің әлеуетін арттыру. Ол үшін барлық сауда-саттық, қызмет көрсету ақысы ұлттық валютада жүруі тиіс. Айтпақшы, еліміздің сыртқы қарызын да бас банкир қамтып өтті. Оның көлемі — 155,6 млрд доллар. Ал қордағы қолда бар активтердің ауқымы 92 млрд долларды құраса, берешектің көптігін көкейіңізге өзіңіз-ақ түйіндей беріңіз.

Мақсат Жақсыбаев