Ордабасы ауданында жоғалып кеткен алты жасар Мұхаммедті ұрлауға қатысты екінші күдікті пайда болды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері хабарлады.
Криминалды полиция басқармасының бастығы Кенжебек Оңдасынов айтуынша, екінші күдікті де — әйел. Аты-жөні — Сүйіндік Сәндікүл Жүргенбайқызы. 1965 жылдың 15 қарашасында туған, еш жерде жұмыс істемейді, тұрғылықты мекенжайы да жоқ.
Ордабасы ауданының тұрғыны. Бір айта кетердігі, бұған дейін сотты болмаған әйелдің өз баласы жоқ. Полицейлердің мәліметінше, бұл азаматша бұған дейін Мұхаммедтің ата-анасымен сөйлескен, көрген. Баланың отбасы туралы мәліметтерді біледі.
Қазір осы факті бойынша қылмысты кодекстің 125-бабы, яғни, адам ұрлау бойынша іс қозғалды. Іздеу жалғасуда.
Еске салайық, Ордабасы ауданы, Амангелді ауылының тұрғыны, бірінші сынып оқушысы Мұхаммед 20 ақпан күні жоғалып кеткен болатын. Оны белгісіз әйел мектептен қайтар жолда күтіп алып, Темірланға таксимен алып кеткен.