Шымкенттегі кәріз жүйесінде болған апатқа қарамастан екі отбасы үйлерін тастағысы жоқ. Тұрғындар қауіпті аймақтан кетпей отыр. Екі жанұяны баспаналы етуге қала басшысы қаулы да шығарған. Әрі уақытша баспанамен қамтуды жауаптыларға жүктеген еді. Алайда отбасының 13 мүшесі жергілікті билікке өз талаптарын қойып, көшуден үзілді-кесілді бас тартты.
Баспанасы қирағалы тұрған бұл екі отбасының талабы таудай. Қала әкімінің қаулысына қарамастан, жергілікті биліктен кепілдік хат сұрайды. Тіпті бюджет қаражатына алынатын пәтердің сериясы мен шаршы метрі көңілден шығу керек дейді.
Қолқаны қабатын иісті ескерген басшылық уақытша баспананы жалға әперді. Алайда түрлі сылтауды алға тартқан тұрғындары өз үйлерінен көшпей отыр.
Еңбекші аудандық әкімдігінің мамандары тұрғындармен кезекті рет кездесіп, жалдамалы пәтерге уақытша көшуге кеңес берді. Бірақ, кеңеске құлақ түрілмеді, есесіне талаптары орындалмай, бір қадам аттамайтындарын естіді. Жауаптылар оқыс оқиғаның алдын-алу үшін қолдан келгенше түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретінін айтып отыр.
Еске салайық, қаңтар айының басында көпшілікке Чапаевка атауымен таныс елдімекенде кәріз коллекторы жарылған болатын. Қала әкімдігі осы аумаққа төтенше жағдай жариялап, коллектор бойындағы үйлерді түгендеді. Ал қауіпті аймақтағы екі отбасына баспана алып беру туралы қаулы шығарды. Ал оның орындалуы екі айды қажет етеді.
Нұрлан Жаңабай