Шымкенттің полиция қызметкерлері суық қарумен жүрген жас жігіттерді ұстады. Олар қалталарына пышақ салып жүрген. Ұсталғандардың бірі — кәмелет жасына толмаған.
Күдіктілерді Абай полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары ұстады. Тәртіп сақшылары өздеріне қарасты аумақтағы Металлург саябағында жүрген кезде қарсы келе жатқан жас жігітті байқайды. Ол полицейлерді көрген бетте бұрылып, шетке қарай кетпек болады.
Мұны байқаған инспекторлар бозбаланы тоқтатып, сұрақ-жауап ала бастайды. Одан әрі үсті-басын тінту барысында шалбарының сол жақ қалтасынан жиналмалы шаппа табылды.
Ұсталған жігіттің жасы небәрі 16-да болып шықты. Бәкіні көшеден тауып алып, өзімді-өзім қорғану үшін алып жүрмін дейді жеткіншек. Қай оқу орнында оқитыны туралы сұраққа мүлде жауап бермей қойды.
Инспекторлар бұл жасөспірімді полиция бекетіне алып бару үшін арнайы көлікке алып келе жатқанда қарсы алдарынан тағы бір жігіт кездеседі. Ол да басын тұмшалап, қалпақ киіп алған. Жүрісі күдікті болған соң инспекторлар бұл жігітті де тексеруге алады. Тінту барысында оның да қалтасынан пышақ табылды.
Жасы 18-ден асып кеткен бұл жігіттің айтуынша, телефон жөндеумен айналысады. Кешке жұмыстан қайтқанда жұмыс құралымды ұмытып, қалтамда қалып кетіпті деп ақталады.
Тәртіп сақшылары ұсталғандардың екеуін де Абай полиция бөліміне жеткізді. Олардың үстінен қылмысты іс қозғалып, тәркіленген пышақтар айғақты зат ретінде іс материалдарына қосылған. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру жалғасуда.