Қазақстандық наркологтар нашақорларды метадонмен емдеуге түбегейлі кіріспек. Шымкентте бас қосқан мамандар мен қоғамдық ұйым өкілдері метадоннан келетін қауіп жоқ екенін түсіндірді. Өздерімен бірге есірткіге еліткен жанды ала келіп, жағдайымен таныстырды. Метадонның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білгенімен, ғасыр дертіне шалдыққандарға бұдан басқа қояр тосқауыл табылмапты.
«Удың бетін у қайтарады». Бұл сөз еліміздегі нашақорларды метадон арқылы емдеу тәсіліне арнап айтылғандай. Дәл осы әдіске келгенде пікірлер сан-саққа жүргіріп, пайдасы мен зиянының аражігі ажыратылмай келеді. Елімізде нашақорларды метадонмен емдеу 2008 жылы тәжірибе түрінде жүргізілген.
Араға екі жыл салып денсаулық сақтау министрлігі бұйрық шығарды. Содан бері есірткіге тәуелді жандарды метадон арқылы емдеу біржақты шешіліп, қолға алынған. Ал шымкенттіктер үшін бұл — тың әдіс. Енді күнгейлік нашақорлар да опиондық толықтырушы емін қабылдайтын болады. Биыл өңірде арнайы орталық ашылып отыр.
Бақыт Төленова, «Аман-саулық» қорының төрайымы: «Жеті аймақта, 10 қалада героиннің орнына метадон деген препаратты қабылдайды. Оны қабылдағандар нашақорлықтан бас тартатын болады. Орнына метадонды пайдаланады. Ол да опионды препарат, бірақ оны укол арқылы алмайды, кәдімгі кішкентай стаканмен, өзінің көлемі бар, таңертең келіп ішеді де, жұмысына кетеді. Екіншіден героин табу үшін қылмысқа бармайды.»
Аталмыш есірткі сұйықтығы ВИЧ пен СПИД індеттерінің алдын алуға қабілетті екенін де алға тартатындар бар. Нашақорларды есірткімен емдеу республикалық бағдарламасына енгізілуі де мүмкін. Егер жүргізіліп жатқан сынақ оң нәтижесін берсе, министрлік арнайы бағдарламаға енгізуді жоспарлап та қойыпты. Әрі препаратты өмірлік маңызды бар деген дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізуді көздеп отыр.
Сағат Алтынбеков, Қазақстанның бас психиатр-наркологы: «Елімізде, мейлі Америкада, Ұлыбритания, Германияда болсын, есірткіден емдеу орталықтары нашақорлардың тек 20-30 пайызын ғана емдеп шығарады. Қалған 70 пайызы емделмейді. Ол да созылмалы ауруға жатады. Мысалы, қант диабеті немесе жоғары қысымы бар азаматтар өзімен бірге препараттарын алып жүреді, күнделікті қабылдайды. Бұл да сол сияқты ауру. Мұны бәріміз ұғуымыз керек.»
Өзбекстанда пилоттық жоба тоқтатылып, препараттың қалдықтары Қазақстанға қайырымдық көмек, гуманитарлық жүк ретінде берілген. Қырғызстанда депутаттар метадон лоббистері көтерген есірткінің бұл түрін шығаратын зауыт құрылысын салу идеясын қолдамады. Бірақ, халықаралық мамандар көрші елдерде есірткіге еліткендер жағдайды ұшықтырып алғанын айтады. Ондағы эпидимологиялық ахуал біздің елге келуі мүмкін деген болжамнан қорқады.
Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда 120 мыңдай азамат ғасыр дертіне шалдығып, есепте тұрады. Оның 30 мыңы ине арқылы есірткі егеді. Соның салдарынан ағзаның имундық тапшылығы жұқпалы дертіне шалдыққандар саны артады. Ал бір жылда спидке шалдыққан 2000 адам есепке тұрады. Мұндай қорқынышты сандармен күрестің жалғыз жолы — метадон деген мамандар оның зиянын да мойындайды. Бірақ, тәуелділердің өмірін матап қоюды қатыгездік санамайды.