Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар

Кентауда бүлдіршіндердің жаппай улану фактісі тіркелді. Балабақшаның бақандай 23 тәрбиеленушісі астан ұшынып, аурухана төсегіне таңылды. Бұл туралы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері арнайы брифинг барысында айтты. Мамандардың сөзінше, тамақтан жаппай улану оқиғасына сондағы асхана қызметкерінің қатысы бар көрінеді.

Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар

Астан уланып, аурухана төсегіне таңылған 23 бүлдіршіннің барлығы да «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушілері. Тамақтан ұшынған сәбидің алғашқысы 10 ақпан күні тіркелген. Араға үш күн салып, уланғандардың саны 23-ке жетіпті. Бүлдіршіндердің барлығына өткір гастроэнтерит және астан улану диагнозы қойылған.

Санитар маманның айтуынша, сол күні бүлдіршіндерге ыдыс жуушы қызметкер ас әзірлеген. Ал оның стафилоккок сырқатына шалдыққаны анықталып отыр. Департамент өкілі ас әзірлеуде жеке бас гигиенасы мен санитарлық технологиялар сақталмаған дейді. Оның үстіне балабақшадағы санитарлық жағдай да мәз емес.

Қазір балабақшадағы барлық қызметкер медициналық тексеруден өтпейінше жұмысынан шеттетілген. Сондықтан бүлдіршін тәрбиесімен айналысатын мемлекеттік нысан уақытша жабылды. Мамандар тексеру қорытындысын сотқа жолдап қойыпты. Ал бүлдіршіндердің денсаулығына келер ешқандай қауіп-қатер жоқ. Тіпті, олардың бәрі үйіне жіберілді дейді санитар дәрігерлер.

Мақсат Жақсыбаев