Мұхаммед анасымен
Мұхаммед анасымен

Алты жасар Мұхаммед аман-есен табылды. Ордабасы ауданында жоғалып кеткен бүлдіршін ата-анасына қайтарылды. Баланың бұған дейін Арыс қаласындағы үйлердің бірінде болған екен. Сол баспанада бүлдіршінді ұстап отырған 60 жастағы әйел күдікті ретінде қамауға алынған.

Төрт күннен бері бүкіл жұртты аяғынан тік тұрғызған бүлдіршін Арыс қаласынан табылды дейді полицейлер. Тәртіп сақшыларына сол аумақтың тұрғыны баланы бөтен үйде ұстап отырғанын жеткізген. Бұған дейінгі жасалған күдіктінің кескін келбеті ұсталған әйелмен әбден ұқсас деп отыр құқық қорғаушылар.

Күдікті бұрын сотты болмаған екен. Ал қазір оның үстінен адам ұрлау дерегі бойынша іс қозғалып жатыр. Полицейлер егде әйелдің баланы не үшін алып кеткенін ашып айтпады. Тергеу ісіне байланысты тіс жара алмаймыз деп ақталды.

Бір белгілісі, күдікті тағы бір дерекке қатысты екенін мойындаған. Ол оқиға да шымкенттіктердің төбе шашын тік тұрғызған еді. 2013 жылдың 9 қазаны күні тура осылай мектеп жанынан 7 жасар Нұрай Өмірәлі есімді қызды да алып кеткен екен. 10 күн бойы сан-саққа сабылған жұрт бүлдіршінді базар маңынан тапқан еді. Полицейлер сол дерекке қатысты күдіктінің әлі күнге дейін анықталмағанын растады.

Мұхаммед анасымен
Мұхаммед анасымен

Ал Мұхаммед арнайы сараптамадан өтті. Дәрігерлер денесінде зорлық-зомбылық іздері жоқ дейді.

Еске сала кетейік, осыдан төрт күн бұрын Амангелді ауылындағы мектеп маңынан Мұхаммедті егде тартқан әйел ертіп әкеткен. Сабақтан соң бірден үйіне тартатын 1-сынып оқушысының дер кезінде оралмағанынан анасы секем алған. Сөйтіп, полицияға хабар беріпті.

Сол сәттен-ақ тәртіп сақшылары аяғынан тік тұрып, еріктілер де тартылды. Әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазып, баланы іздеуге барша жұрттың атсалысуын хабарлады. Бүкіл елге хабар барды. Ақырында Арыстан табылды. Тұңғышының тұла бойы аман екенін көрген ата-ананың қуанышында шек жоқ. Барша жұртқа дән риза. Ал баласын алып кеткен егде әйелге қатысты әзірге ештеңе айта алмаймын деп қысқа қайырды. Өйткені күдіктімен әлі көзбе-көз көріспеген екен. Дегенмен, бүлдіршінін жетектеп әкеткен әйелге қатысты шағымданарын нақты кесіп айта алмаймын деп отыр.

Ең бастысы, тұңғышын бауырына басқан ананың көңілі жайланды. Көз жас көлденіп, жұмыр жүрек құса болған ауыр күндер артты қалды дейді Жанна. Ал отбасына оралған Мұхаммед асыр салып ойнап жүр. Полицейлер әлі де оның қауіпсіздігін қадағалауда.

Мақсат Жақсыбаев