Моңғол қызы Оңтүстікке тағы бір алтын сыйлады

304
Отгон - Олимпиадалық жолдамаға тағы бір қадам жақындады

Оңтүстіктің палуаны Отгонцецег Галбадрах «Grand Slam» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Парижде жалауы көтерілген дода барысында 90-нан астам елдің 562 дзюдошылары сынға түскен болатын.

Жерлесіміз Отгонцецег 48 келідегі спортшылар арасында алтыннан алқа тақты. Жарыстың жүлде қоры 154 мың АҚШ долларын құрады. Ал ең бастысы, осындай әлемдік дәрежедегі сынақтарда палуандар Олимпиада жолдамасына қажетті ұпай санын арттырады.

Отгон - Олимпиадалық жолдамаға тағы бір қадам жақындады

Отгонцецег бұл жарыста әлемнің үздік палуандарын да тізе бүктірді. Бес белдесу өткізіп, дүниежүзін өзіне қаратқан саңлақтардан да ептілеу екенін анық аңғартты. Алғашқы белдесуінде Тунис палуанынан басым болса, екінші қарсыласы жапондық спортшы болды. Кондо 2014 жылы әлем чемпионы атанған дзюдошы. Ол бүкіл әлемдік рейтингте 3-інші орында тұр.

Татами төрінде сынға түскен кубалық Альварес оңай емес. Ол да Рио Олимпиадасына үміткер палуанның бірі. Төртінші қарсыласы — белгиялық спортшы. 2015 жылғы Европа чемпионы, көптеген «Grand Slam», «Гран при» жарыстарының жеңімпазы мен жүлдегері.

Отгонның ақтық сындағы қарсыласы әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Қарсыластарының да ең мықтысы осы Урантцецег болды. Бойжеткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Азия чемпионы. Осы жарысқа дейін Галбадрах әлемдік рейтингте 23 орында еді, енді 15-16-орынға жоғарылады. Парижде жалауы көтерілген дода шағын әлем чемпионаты болып саналады.