Неміс ұлтының өкілдері алғыс айтады

477

1 наурыз — алғыс айту күні. Мереке құрметіне орай өңіріміздегі неміс этно-мәдени орталығы ашық есік күнін өткізді. Этнос өкілдері күнгейдегі тыныс-тіршілігі мен өнер-мәдениетінің дамуы барысымен таныстырды.

Мерекелік шара мұнда өзара алғыс айтудан ғана емес, ән айтып, би билеуден басталды. Осылайша әп-сәтте орталықтың ауласы әсерлі мейрамға ұласты. Ашық есік күнінде неміс этно-мәдени орталығының өкілдері атаулы датаға деген құрметін ғана жеткізген жоқ, күнгейдегі тілі мен мәдениетінің тынысын таныстырды.

Мерекелік ән мұнда да жалғасып жатыр, бірақ сабақ, пән үлгісінде. Шәкірттер, орталықтың көмегіне жүгінгендер сыныпта күн сайын неміс тілін меңгереді. Тіл жеңіл әрі жатық болуы үшін өлең сөздерін жаттайды, сөзжұмбақтар да шешеді. Даниал Кормолиннің  мектепке келіп, ана тілін меңгеріп жүргеніне жыл толған жоқ, есесіне қазір неміс тілін септейтін болған.

8

Даниал Кормолин: «Менің жасым — 8-де. Негізі, қаламыздағы №1 мектепте 2-сыныпта оқимын, ал орталыққа келіп, білім алып жүргеніме 8 ай болды. Қазір көптеген сөздерді жаттап алдым, үйге қажетті дүниелер мен тұрмыстық заттар және киімдерді неміс тілінде емін-еркін атап бере аламын.»

Бұдан бөлек, орталық мамандары  хореграфия және ән айту сабақтарын да кәсіби жүйеде қолға алған. Неміс этно-мәдени орталығы басшылығының айтуынша, шәкірттердің жасы мен ұлтына шектеу жоқ.

Иосиф Бахман, неміс этно-мәдени орталығының төрағасы: «Тіл білімі сабақтары мен өзге де ұлттық нақыштағы үйірмелер орталықта тегін. Тіпті сенбі-жексенбі күні келемін деушілер үшін есігіміз ашық, арнайы кесте бойынша жұмыс жасауға бармыз. Сабақ өтуге арналған анықтама кітабының жинақтары да жарық көріп, қолымызға тиді. Қуантарлығы — бүгінде неміс ұлтының мәдениеті мен өнері, дәстүрі Оңтүстікте кеңінен дамып, дәріптеліп жатыр, Әз-Наурыз мерекесі және бірлік күні, өзге де қуанышты мейрамдарда ұлттық киімдерімізді киіп, қазақстандықпыз деп марқая айта аламыз! Тәуелсіз еліміз — біздің байлығымыз. Осындай бейбіт күннің куәсі етіп, бір атаның баласындай қабылдаған халыққа айтар алғысымыз шексіз!»

Неміс этно-мәдени орталығы Оңтүстікте осыдан 26 жыл бұрын қызметін бастаған. Оның 400-ден астам өкілі белсенді жұмыс жасап жатыр.  Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейде 2500-ға жуық неміс ұлтының өкілі өмір сүреді.