Сарыағаштың оқушы баласы шекарашыларға көмек берді. Соның нәтижесінде «Достық» шекара бекетінің сарбаздары Өзбекстанның екі азаматын ұстаған. Бұл туралы ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жас та болса ересектерге қолғабыс болған — Сарыағаштағы Ынтымақ елдімекеніндегі С.Айни атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Мұстафа Әбдікәрімов. Жеткіншек екі адамның шекарадан өтіп жатқанын көріп, шекарашыларға хабар берген.
Оқиға орнына шекара қызметінің жасағы тез арада жетті. Келімсектерді ұстап, сұрау барысында Өзбекстан азаматшасының өз жерлесіне еріп келгені белгілі болды.
Осы көмегі үшін ҰҚК шекара қызметінің 2020 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Әбсаматов жас көмекшіге алғыс айтты. Көзге түскен оқушыға өз мектебінің ұжымы мен құрдастары да қошемет көрсетті.