12 ақпан — Шымкенттегі 180 отбасы ерекше күн. Олар баспаналы болды! Қайтпас-2 және Нұрсәт шағынаудандарындағы үйлерден бөлінген пәтер кілттерін жерлестерімізге облыс әкімі табыстап, құттықтады. Бұл биылғы қоныс тойдың соңғысы емес. Жыл соңына дейін тағы 1000-нан астам азамат қуанышқа бөленбек.
36 отбасы — Қайтпас-2 шағынауданында орналсқан бес қабатты үйдің алғашқы тұрғындары. Жаңа пәтерлердің кілтін қоныс иелеріне облыс басшысының өзі табыстады. Екі баланың анасы Әлия Ақбалаева жаңа шағынауданнан екі бөлмелі пәтер алып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдауға туған-туыстары да разы.
Бұл көпқабатты үй 10 ай ішінде салынып бітті. Мұнда тура осы үлгіде бой көтерген тағы алты үй бар. Алдағы уақытта 400-дей отбасы қоныс тойын тойлайды. Ал Нұрсәт шағынауданындағы жаңа үйден 144 отбасыға коммуналдық пәтерлер берілді.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша баспана кезегінде 21 547 азамат тұр. Олардың 1500-ы — жетімдер және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. 8000-дайы тұрмысы төмен отбасылары, қалғаны мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері. Апатты үйлерде тұратын 21 адам да баспана алуға өз кезегін күтуде.
Биыл баспаналы болатындар жылы деуге болады. Жыл соңына дейін Оңтүстікте 21 көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Олардың ішінде коммуналдық, тұрғын үй жинақ банкі депозиттері бойынша және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы берілетін үйлер бар. Жалпы, 1808 жерлесіміз жаңа пәтерлерге кіреді.