Ордабасыда мал ұрлаумен айналысқан топ ұсталды

420
Күдіктілер

Ордабасы ауданының полицейлері мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топтың жолын кесті. Қаңтар айында полицияның кезекші бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғын арызданып келді. Ол азамат атқорасындағы 18 бас жылқысын біреулер ұрлап кеткенін айтқан.

Ордабасы АІІБ-нің қызметкерлері іздестіру нәтижесінде 1989, 1990 және 1993 жылдары туылған Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының тұрғындарын күдікті ретінде ұстады. Олардың бірі бұған дейін де осындай қылмыспен сотты болған екен.

Күдіктілер

Тергеу барысында күдіктілер түн ішінде атқораға автокөлікпен барғандарын айтты. Үй иесінің ұйықтағанына көз жеткізіп, қорадағы жылқыны білдіртпей алып шығып, көрші ауылға айдап кеткен. Содан кейін аттарды сатып жіберіпті.

Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 3 миллион теңгеге жуық. Қазір полицейлер ұсталғандардың басқа да мал ұрлығына қатысын тексеруде. Олардан айғақ зат ретінде автокөлік тәркіленіп алынды.

Осы факті бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Күдіктілер қамауда жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.