Шымкент қаласының полицейлері жүргізген тексеру кезінде мас баланың тойда билеген видеосы туралы ақпарат анықталмады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«23 қаңтар күні «Ютюб» видеохостингінде «Пьяный мальчик танцует. Шымкент кафе Акжол» атты виде пайда болды. Онда жасы кәмелетке толмаған бір жеткіншектің мас болып, жас жұбайлардың үйлену тойында билеген сәті көрсетілген.
Полиция қызметкерлері анықтау жұмыстарын жүргізіп, кафе әкімшісінен сұрау алды. Кафе қызметкерлері бұл оқиғаның қашан болғанын айта алмай, тіпті, кафеде кәмелет жасына толмағандарға ешқандай спиртті ішімдік сатылмайды деп сендірді.
Мұнымен қоса видеороликтің авторын анықтау да мүмкін болмады. Себебі, Абылайхан Ибрагимов есімді азамат ішкі істер министрлігінің құжат қорына сәйкес еш жерде тіркелмеген және куәлік алмаған болып шықты» делінген хабарламада.
Сонда да болса полиция қызметкерлері қазіргі таңда видеодағы жеткіншекті анықтау жұмыстарын жалғастыруда.