Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу түбіртегіндегі баға артық есептеледі. Тұрғындардың мұндай шағымы облыс әкімдігіне қарасты call-орталыққа да көптеп түседі. Қыстай жылуға қатысты шағым қабылдап, жылдам қызмет көрсеткен орталық ұжымы маусымды қорытты.
Татьяна Вичужанина: «Біз алдымен сумен қамтитын мекеге хабарластық, ондағылар құбырдың тұрғындар есебінен жөнделетінін айтты. Мұнда кілең зейнеткерлер, жағдайы нашар отбасылар тұрады. Қаражат жинауға келгенде қиналады. Байланыс орталығына хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Ертеңіне-ақ су құбыры тегін жөнделіп, ауызсуға қолымыз жетті.»
Сапасыз жарық, қысымы аз көгілдір отын, ауызсу мен ескірген кәріз жүйелеріне қатысты қоңыраулар бір сәтке де толастамайды. Айта кетейік, бірыңғай байланыс орталығы ашылған 4 ай ішінде 2500-ге жуық шағым түскен. Олардың дені облыс орталығындағы жылу мәселесіне қатысты болса, 200-ден астамы көгілдір отынға байланысты. Ал 250 қоңырау электр жарығының мәселелерін қамтыған.
Мамандар соңғы кездері коммуналдық қызметтердің төлеміне қатысты шағымдарды да жиі қабылдауда. Айтуларынша, 250-ге жуық тұтынушы есеп айырысу түбіртектерінде көрсетілген қызмет бағасының артық есептелгенін айтып шағынған.
Наурыз айынан бастап орталық облыстың барлық аудандарынан қоңырау қабылдауды жоспарлап отыр. Сағат таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс жасайтын байланыс орталығының телефоны – 39-55-55. Шымкент қаласының қоды – 8 7252. Бұл сандарды теру арқылы себепсіз сөндірілген жарықтың, кенеттен өшкен көгілдір отынның, мардымсыз жылудың, сапасыз ауызсудың жайын жолдап, жедел жауап ала аласыз.