Биыл репрессия құрбандары, жерлестеріміз Садық Ахметовтың туғанына — 110, ал Төлеген Бектұрсыновтың туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында жазықсыз атылып кеткен арыстарымызды еске алуға арналған кеш өтті. «Жазықсыз жапа шеккендер» атты іс-шараға империяның қызыл саясатынан құтыла алмаған боздақтарымыздың ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер жиналды.
Қос азаматтың өмірбаянына қанық студенттер «Азаптау вагоны» атты көріністі сахналады. «Халық жауы» деген жала жабылып, бір күннің ішінде атылып кеткен Төлеген Бектұрсыновтың өміріндегі соңғы сәттерін көрсетті. Кішкентай қойылымды тамашалағандардың көңілдері босады. Әсіресе, әкесінің бейнесін көре алмаған ұлы Нұрсалибидин Бектұрсынов ағамыз жасына ерік берді.
Шардара өңірінің тумасы Төлеген Бектұрсыновты 1937 жылдың 1 қарашасында ұстап әкетеді. Арада бір күн өтпей жатып «діндар», «Совет үкіметін алдап жүр» деген жаламен атылады. Ал осы кезде әйелі Қаңқаның аяғы ауыр болған.
Іс-шараға арнайы шақырылған Нұрсалибидин әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Көзі ашық, көкірегі ояу, арабша хат таныған Төлеген Бектұрсынов қиын-қыстау кезеңде колхоз құрып, ел жағдайын жақсартуға көп үлес қосқан азамат болған екен.
Ханбибі Есенқарақызы, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры: «Біздің бүгініміз ертеңге тарихтан басталады. Сондықтан тарих беттерінің әрбір парағын білуіміз шарт. Оны насихаттау — біздің міндетіміз. Мұражай — ол ойланатын, ойлантатын орын. Бүгінгі шарамыз да осы нәубет жылдарда зардап шеккен арыстарымыздың еңбектерін насихаттауға арналған. Биыл облыста саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған 17 азаматтың мерейтойын атап өтуді жөн көріп отырмыз.»
Айта өтейік, зұлмат жылдары республика бойынша 107 мың азамат саяси қуған-сүргіннің құрбаны болса, оның 25 мыңы атылып кеткен. Соның ішінде 2500 жан — Оңтүстіктің тумалары.
Бұл сандар әзірге нақты емес. Өйткені мұражай директорының айтуынша, өңірімізде 1937-1938 жылдары атылып кеткендердің саны әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Сондықтан қазір іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ашылғанына 15 жыл толады. Осыған орай музейде ауқымда шаралар атқарылу жоспарлануда.