Шымкентте киім дүкенінен шалбар ұрламақ болған бойжеткен ұсталды. 10 қаңтары күні 102 нөміріне қаладағы сауда орталықтарының бірінде ұрлық орын алғаны жайлы хабарлама түсті. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқиға орнына жеткен полицейлер 1998 жылы туылған Мақтаарал ауданының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Ол киім бутигінен джинси шалбар ұрламақ болған екен.
Полицейлер бұл қыз шалбарға жабыстырылған электронды қондырғыны жұлып алып, киімді сөмкесіне салып шықпақ болғанын анықтады. Алайда оны байқап қалған сатушылардың бірі күзетшілерді шақырып, бойжеткеннің қылмысын әшкерелеген. Сауда орталығының қызметкерлері күдіктіні полицияға тапсырды.
Аталған жайт Әл Фараби полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Полицейлер айғақ зат ретінде тәркіленген шалбарды иесіне қайтарды.
Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.