Шымкент көшелерінде автобустарға арналған жолақ болады

336
Сары жолақ

Шымкентте қоғамдық көліктерге арналған тың жоба басталмақ. Енді қала көшелерінде автобустардың жүруіне арналған сары жолақ болады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жоба 29 ақпаннан басталады. Ең алдымен Тұрар Рысқұлов даңғылына пилоттық жоба негізінде қоғамдық көліктерге арналған арнайы сары жолақ сызылмақ. Белгіленген жолмен тек автобустар ғана жүреді.

Сары жолақ

Ал 3 наурыздан бастап жолаушы тасымалымен айналысатын көліктер арнайы жол бөлігімен жүрмеген жағдайда жүргізушінің үстінен әкімшілік тәртiп бұзушылық туралы хаттама толтырылады, деп ескертеді мамандар.

Жаңа бастамаға үйрену үшін шаһардың жүргізушілеріне 1 апта уақыт беріледі. Одан ары тәртіп бұзып, «А» жолағына шыққан жүргізушілер жазаланады. Олар әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 601-бабымен, яғни, жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұл тұста оңға не солға бұрылатын жағдайда жүргізушілері үшін жол үстінде арнайы белгілер көрсетіледі, деп сендіреді жауаптылар.

Сары жолақ

Жаңа жобаның басты мақсаты — «Қауіпсіз қала» акциясы негізінде шаһар аумағындағы көлік қозғалысын ретке келтіру. Қоғамдық көліктің бәсекелестігін арттырып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау.

Айта кету керек, бұл жұмыстар арнайы құрылғының көмегімен әуеден бақыланатын болады. Заң бұзушылық орын алған жағдайда Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі тиісті шара қолданады.