Шымкентке Қазақстанның түкпір-түкпірінен әскерилер жиналды. Қаламызда Ұлттық ұланның жетекші офицерлер құрамы мен командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтіп жатыр. Еліміздің барлық аумағындағы 40-тан астам әскери бөлімдердің өкілдері жас жауынгерлерді патриоттық тәрбиелеудегі тәжірибелерін ортаға салмақ.
Ауқымды іс-шара 17 отандасымыздың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Ішкі әскердің бұл сарбаздары 1995 жылдың сәуірінде тәжік-ауған шекарасында мерт болған. Сондықтан мұндай тағзым жауынгерлердің рухын көтеру шараларының басты бөлігі болып табылады. Қыршынынан қиылған қаруластарын ардагерлер де ұмытқан емес.
Мәжит Жүсіпбеков, 65/06 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Сонау 1995 жылдың 7 сәуірінде біздің әскер тәжік-ауған шекарасында қан төкті. Сол ұрыста бір ротадан 17 сарбаз қайтыс болды. Міне, 20 жыл өтсе де біз сол жауынгерлерді ұмытқан емеспіз. Былтыр рухына арнап, ескерткіш аштық.»
Бұдан кейін оқу-әдістемелік жиын дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Облыстық әкімдіктің кең залына жиналған әскерилер мен қоғам қайраткерлері, ардагерлер Қазақстан жастарына, оның ішінде сарбаздарға патриоттық тәрбие беру тақырыбын қаузады.
Ал кешке әскерилер Шымкенттегі 65/06 әскери бөліміне жиналды. Мұнда тақырыптық кеш ұйымдастырылып, сарбаздардың тәрбие ісіне арналған әдістемелік және көрнекілік сабақтар өтіледі. Жалпы, бұл жолғы жиын 19 ақпанға дейін жалғасын таппақ.