Шымкентте муниципалды автобус паркі ашылады

344
автобус

Шымкенттегі аялдамаларда тұрып, автобустардың жарыса жүруіне себеп болатын «секундомерлер» қызметін тоқтатады. Бұл мақсатта қалада муниципалды автобус паркін ашу жоспарланып отыр.

Осылай деген қала әкімдігінің өкілдері «Тұран Оңтүстік» мекемесімен автобус паркін ашу туралы мемарандумға қол қойды. Келісім бойынша екі гектар алқапқа автопарк салынып, 100 жаңа автобус алынады.

Сала мамандарының айтуынша, муниципалды автобус паркі ашылса, аялдамадаларға орнығып алған секундомерлер мен айқайшыл кондукторлардың қажеті болмайды. Тиісінше, келеңсіздіктер де азаяды деп сендіреді.

Халмұрад Құдайназаров
Халмұрад Құдайназаров

Гагарин көшесіндегі СМУ-4 аялдамасынан автобусқа мінетіндер Халмұрад Құдайназаровты жақсы таниды. Автобус жүргізушісіне хабарлама жасап, уақытын айтып отырады.

Қолындағы тізілген сағатымен бір емес, 5 компанияның қоғамдық көліктеріне қызмет етеді. Сол үшін ақы алады. Жауапты жұмысымен айналысқанына 8 жыл болыпты.

Бұл азаматтың әріптестерін барлық аялдамаларда кездестіруге болады. Қоғамдық көліктердегі осы көріністің талай келеңсіздіктерге себеп болып отырғанын тұрғындар қала әкімінің жылдық есебінде де көтерді. Әкімге сауал жолдағандардың көбі осы проблеманы қозғады. Бірі кондукторлардың мәдениетсіздігін, енді бірі көліктердің аздығын алға тартты.

Кондукторлар және секунд пен минут санап тұрған бағыттаушылар, керісінше, өздерін осы жұмыста көмекші санайды. Бұған дейін де осы мәселе талай рет көтерілген. Қала әкімі проблеманы түбегейлі шешеміз дейді. Ал қала басшылығына көмек берер учаскелік полицейлер болса, көрмес түйені де көрместің кейпіне енгендей.

Көлік саласының басшылары айтылғын сыннан нәтиже шығарып, жұмыстарын жандандыруға кірістік деп отыр. Апта басында қала әкімі муниципалды автопарк ашу үшін «Тұран-Оңтүстік» компаниясымен келісім жасасқан. Жоспар іске асса, жолаушы тасымалдау бағытындағы кемшіліктер толығымен жойылады деп сенеді.

Әзірге қолдарына сағатын ұстағандар автобустар мен Газельдерге бағыт беріп, жұмысын қыздырып тұр.

Нұрлан Жаңабай